Ресей — Украина мәселесінде Қазақстанның ықпалы қандай — саясаттанушы пікірі

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей — Украина мәселесін шешуде Қазақстан ықпал ете ала ма? Бұл сауалға Kazinform агенттігінің YouTube арнасында шығатын «BIZDIÑ ORTA» подкасты барысында саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым жауап берді.

— Асығыстық танытпау керек, Президент бірнеше мәрте айтқан еді, қажет жағдайда Қазақстан делдал немесе үшінші жақ қызметін атқаруға дайын. Халықаралық қатынастарда кез келген мемлекет шиеленіс жағдайында делдал, үшінші тарап арбитраж бола алмайды, оны да мойындауымыз керек, яғни бірінші шарт екіжақты да қанағаттандыру керек, екінші шарт екі жаққа да тепе-тең саясат жүргізу қажет. Үшінші шарт ешбір өз мүддесі болмауы керек, жалғыз мүдде — бейбітшілік орнату, — деп түйіндеді Риззат Тасым подкаст барысында.

Сарапшы келтірген дәйекке сүйенсек, әлемде жоғарыда аталған саясатты жүргізетін елдер санаулы. 

— Бұған дейін Украина бірнеше мемлекетті атаған болатын, мысалы Сауд Арабиясы, Ресей тарапы Мажарстанды айтқан болатын. Беларусьте мұндай қадамдар жасап көруге тырысты, Лукашенко АҚШ пен Ресей арасында делдал қызметін атқаруға кіріскен еді, бірақ, АҚШ-қа Беларусьтен санкцияларды алып тастаңдар, содан кейін біз толыққанды асырамыз деп, керісінше Украинадағы бейбітшілікке аса қатты мүдделі еместігін көрсетіп қойғаннан кейін ойыннан тыс қалды. Ал Қазақстан тарапы болса, АҚШ-пен де, Ресеймен де, Украинамен де осындай қызметті атқара алады деген үміт нығая түскен секілді, — дейді ол.

Бұдан бұрын саясаттанушы Қазақстан 30 жыл ішінде орта держава деңгейіне көтерілгенін айтқан еді.