10 қарашада Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің үшжақты келіссөздерінің алғашқы күні аяқталды. Кездесу 40 минуттық үзілісті қоса алғанда, шамамен төрт жарым сағатқа созылды, деп хабарлайды ТАСС.
Агенттік мәліметінше, келіссөздер сәрсенбі, 11 қарашада қайта жалғасады.
Украинаның «Укринформ» агенттігі де елдің Сыртқы барлау қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, консультациялардың жалғасатынын хабарлады.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздердің алғашқы күнін жақсы бағалап, тараптардың әлі де атқаратын жұмысы көп екенін айтты.
— Абу-Дабидегі келіссөздер өте нәтижелі өткен сияқты. Дегенмен алда әлі көп жұмыс бар. Бұл мәселе алдағы 24 сағатта шешіледі деп айта алмаймыз, — деді Рубио Парижде журналистерге берген сұхбатында.
Марко Рубио G7 елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысып жатыр.
Оның айтуынша, Вашингтон ұзақ мерзімді реттеуге қол жеткізу үшін алдағы уақытта келіссөздерге Еуропа елдерін де қосуды көздеп отыр.
Үшжақты кездесу басталмай тұрып, Украина делегациясы Еуропа мемлекеттерінің, НАТО мен Еуропалық одақтың өкілдерімен, сондай-ақ АҚШ келіссөз жүргізушілерімен жеке консультациялар өткізді.
Ал Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров еуропалық өкілдердің келіссөздерге қатысуына күмәнмен қарады. Мәскеуде өткен баспасөз мәслихатында ол Ресей тарапы оларды қазіргі үшжақты форматтың тікелей қатысушылары ретінде қарастырмайтынын аңғартты.
Лавровтың сөзінше, Мәскеумен келісілген Вашингтон ұсынысына сәйкес, келіссөздер аймақтағы ұжымдық қауіпсіздік мәселелеріне және жан-жақты реттеу жөніндегі келісімге қол жеткізілгеннен кейін күшіне енуге тиіс кепілдіктерге арналған.
Осылайша, келіссөздердің негізгі тақырыптары қауіпсіздік кепілдіктері, қақтығыс аяқталғаннан кейін Еуропадағы қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру және болашақтағы қатерлердің алдын алу тетіктерін әзірлеу болып отыр.
АҚШ тарапы алғашқы күннің нәтижесін оң бағалағанымен, консультациялардың егжей-тегжейі әзірше жарияланған жоқ. Қандай да бір нақты келісімге қол жеткізілгені туралы ақпарат та түскен жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөз басталғанын хабарлаған едік. БАӘ астанасындағы кездесу баспасөз үшін жабық форматта өтіп жатыр.