Ресей үшін қазақстандық газдың экспорттық бағасын төмендету мәселесі көтерілмейді - Қазақстанның Премьер-Министрі

None
АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясы мен Қазақстанның арасында газдың экспорттық бағасы туралы мәселе анықталған, белгіленген және қазір бұл мәселе көтерілмейді, деп мәлім етті Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Иркутск қаласында өтіп жатқан VI Байкал экономикалық форумында сөйлеген сөзінде. Бұл туралы РБК агенттігі хабарлады.

«Қазақстан, қажет болған жағдайда, «Газпром» үшін газ бағасын төмендетуге әзір ме?», - деген сауалға берген жауабында К.Мәсімов: «баға саясаты анықталып, келісімшарт жасалғанын» атап көрсетті. «Баға белгіленген және Ресей Федерациясы тарапынан Қазақстанға қатысты бұл мәселе көтерілген жоқ», - деді Қазақстан премьері өз сөзінде.

К.Мәсімов сондай-ақ, Қазақстаннан газ экспорттаумен Қазақстан үкіметі мен «ГазПром» ААҚ тең негізде иелік ететін «ҚазРесГаз» компаниясы айналысатынын еске салды.

2010 жылы «ГазПром» қазақстандық газды 2009 жылғы деңгейде сатып алатынын бұған дейін хабарлаған болатын. Былтыр «Газпром» 37,3 миллиард текшеметр орталықазиялық газ сатып алды, оның ішінде, 11,8 миллиард текшеметрі - Түркіменстаннан, 15,4 текшеметрі - Өзбекстаннан, 10,1 миллиард текшеметрі - Қазақстаннан сатып алынды. Орталықазиялық газ Украинаға және Закавказ елдеріне жеткізіледі. 2007 жылдан бері Қазақстанның оңтүстігінің тұтынушылары өзбек газымен қамтамасыз етіліп келеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Газпром» мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы 2002 жылдың маусым айында паритетті негізде Қазақстанда ҚазРесГаз» бірлескен кәсіпорнын құрып, тіркеген болатын. Бұл компания табиғи газды сатып алумен, оның маркетингімен, Ресейдің газ өңдеу кәсіпорындарында көгілдір отынды өңдеумен және басқа да қызметтермен айналысады.