Жаңа өзгерістердің негізгі бағыты – тікелей айдалған бензинді басқа компоненттермен араластыру арқылы өндірілетін автомобиль бензиніне акциз салу тетігін енгізу. Енді осы тәсілмен жоғары октанды бензин шығару жанармай өндірумен теңестіріледі.
Мұнай шикізатын өңдеуге арналған куәлігі бар салық төлеушілерге, оның ішінде бензинді араластыру арқылы өндірген жағдайда да, акциз бойынша шегерім қарастырылған.
Түзетулер өндірістік қуаттарды жаңғырту жөнінде келісім жасасқан мұнай өңдеу зауыттарының инвестициялық міндеттемелерін орындау мүмкіндігін де кеңейтеді. Бұған дейін кәсіпорындар 2014 жылғы 1 шілде мен 2026 жылғы 1 қаңтар аралығында құны кемінде 60 млрд рубль болатын жабдықты пайдалануға беруі тиіс болса, енді бұл мерзім 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Сонымен қатар ең төменгі инвестиция көлемі 100 млрд рубльге дейін ұлғайтылды.
Заң аясында жанармай демпфері тетігі де қайта қаралды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндіріліп, Ресейге уәкілетті ұйымдар арқылы импортталған бензин үшін өтемақы коэффициенті 2026 жылғы 1 маусымнан бастап 0,9 деңгейінде белгіленді.
Ал ЕАЭО-дан тыс елдерде өндірілген бензинге демпферді есептеудің жеке тәртібі енгізіледі.
Ол Үндістан нарығындағы индикативтік бензин бағасы мен Үндістанның теңіз порттарынан жеткізу шығындары негізінде импорттық паритет бойынша айқындалады. Бұл көрсеткішті Ресейдің Федералдық монополияға қарсы қызметі белгілейді.
Жаңа нормалар бүгіннен бастап күшіне енді және 2026 жылғы 1 маусымнан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі Ресейден ресми өтініш түскен жағдайда жанар-жағармай материалдарын коммерциялық негізде және ішкі нарыққа зиян келтірмей жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеген еді.