Қарағандының «Сарыарқасы» Саратовта жергілікті «Кристалл» клубын 2:1 есебімен жеңіп, осы лигада жеке-дара көш бастады. Қазір «Сарыарқа» клубын 33 ойыннан 75 ұпай еншілеп, бірінші орында тұр. Айта кетейік, екпін алған кеншілер клубы Ресейдің Жоғарғы хоккей лигасындағы рекордтарды да жаңартып келеді. Міне, қатарынан 16 ойында жеңіске жетіп, ресейліктердің өздерін тамсандырып жүр. «Сарыарқа» былтыр қатарынан 12 ойында жеңіске жеткен «Торос» клубының рекордынан асып кеткелі қашан...
Бұл жолы «Сарыарқаға» Өскеменнің «Қазцинк-Торпедо» клубы да көмектесті. Шығысқазақстандықтар өз айдынында Қарағанды клубының өкшесін басып келе жатқан «Рубин» (Тюмень) хоккейшілерін 2:0 есебімен тізерлетті. Сөйтіп, «Сарыарқа» екінші орындағы «Рубиннен» бес ұпай ұзап кетті.
Өкінішке қарай, «Қазцинк-Торпедоның» жағдайы аса жақсы емес. Өскемен клубы 33 ойыннан 54 ұпай жинап, Жоғарғы хоккей лигасында 10-орынға көтерілді. Бірақ кейінгі кезде «Қазцинк-Торпедоның» да ойыны үйлесіп, жеңістері жиілеп келеді. Маусым басталған соң бас бапкерін ауыстырып, команда тізгінін Игорь Дорохинге ұстатқалы Өскемен клубы «қарыштап адымдай» бастады. Бұл тұрғыда Өскемен клубының азулы «Рубин» клубынан басым түскендігін ерекше атап өтуге болады. Бірнеше ойыншысы жастар арасындағы әлем чемпионатынан, ал енді бірнешеуі Румынияда бақ сынаған құрама сапынан келсе де, Игорь Дорохин олардың шаршап келгендерін ұмыттырып, осы ойында қайсарлық танытуға жұмылдыра алды, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.
16:32, 22 Желтоқсан 2012
Ресей Жоғары хоккей лигасында ойнайтын «Сарыарқа» жеке-дара көш бастады
АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ресейдің Жоғары хоккей лигасында ойнайтын екі клубымыз да соңғы ойындарында жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты.