Ресейде 14 қазақстандықтың қақтығыс аумағынан шығарылатыны рас па — министрлік жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желілерде тараған «14 Қазақстан азаматы қақтығыс аумағынан Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізіледі» деген ақпаратқа түсініктеме берді.

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

Министрлік бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді.

— Әлеуметтік желілерде 14 Қазақстан азаматы қақтығыс аумағынан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігіне жеткізіледі деген расталмаған мәлімет тарап жатыр. Бұл тақырыптың қоғам үшін, әсіресе азаматтарымыздың туған-туыстары үшін қаншалықты маңызды екенін толықтай түсінеміз. Сондықтан тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс, — деп жазылған ҚР СІМ мәлімдемесінде.

Ведомствоның хабарлауынша, мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі Министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін.

— Министрлік Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысын жалғастырып келеді. Мәселе тұрақты бақылауда. Бұл жұмыстың нәтижелері туралы СІМ қосымша хабарлайды. Азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз, — деді СІМ.

Айта кетейік, ел заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделген.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресеймен қақтығыс аймағындағы қазақстандықтарды елге қайтару бойынша келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланды.