ЧЕЛЯБІ. ҚазАқпарат – Тергеу комитетінің қызметкерлері «2009 жылы әйелді ұрлап жасырды» деген күдікпен Челябі тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғады. Ресей Тергеу комитетінің Челябі облысы бойынша тергеу басқармасы жариялаған мәліметтерге сәйкес, әйел жақында бұғаудан босап шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС-қа сілтеме жасап.
«Жергілікті тұрғынның үстінен РФ ҚК 126-бабы 2-тармағы «в» тармақшасы (адам ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір ер адам емдеу мекемесінде, ол тәртіп сақшыларының бақылауына алынды», - делінген хабарламада.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2009 жылы күзде Челябі тұрғыны бірге ішімдік ішу сылтауымен жергілікті әйелді үйіне алып келеді. Содан бері ол әйелді үйінде ұстаған. Психикалық дерті асқынған ер адам емдеу мекемесіне жатқызылды, ал әйел бұғаудан босай алды.
Тергеушілер айғақтар базасын толықтыру бағытында жұмыс істеп жатыр.
Айта кетсек, кірпіш үй қаланың сол жағалауында орналасқан.
Басқарманың баспасөз қызметі хабарлағандай, тергеу барысында күдіктінің 2011 жылы болған әйел өліміне қатысы бары анықталған. Әйелдің денесі бөлшектеліп, үйдің жертөлесінде көмілген. Бұл факті бойынша РФ ҚК 105-бабы 1-тармағымен қылмыстық іс тіркелді.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.