Биліктің мұндай қадамға баруына не түрткі болды? Дүйсенбіден бастап ресейліктер 15 мың рубльден артық ақшаны айырбастау үшін төлқұжаттан бөлек өзге де қосымша мәлімет беріп, арнайы анкета толтыру керек. Онда кез келген азамат тұрғылықты жерін, салық төлеушінің жеке нөмерін керек болса, тіпті жұмыс орны мен телефон нөмірін қалдыруы керек.
- «Мұндай ережелердің енгізілуі күтілген еді. Бұл нарыққа қатты әсер ете қояды деп ойламаймын. Бұл жаңалықтан кейін рубль сәл құлдырды. Бірақ мұнайға деген бағаны және оның өсімін ескерсек, рубль жарты пайызға ғана әлсіреді. Жуық арада ол қайта қалыпқа келеді деп есептеймін. Яғни әсер қысқамерзімді болмақ», - дейді инвестициялық сарапшы: Тимур Нигматуллин,
Қаржы нарығына қатысушыларының пікірінше, жаңа ереже айырбас уақытын ұзартады. Сондай-ақ несие ұйымдарына салмақ түсіреді. Сондықтан банктер операцияларды қолма-қол қаржысыз жүргізуге тырысатын болады. Бұл айырбастау бекеттерінің азаюына алып келмек. Ал қомақты қаржысы бар азаматтарға биржаға барып, шот ашып, валютаға қатысты операцияларын қолма-қол ақшасыз жүргізу тиімді болмақ. Мемлекетке ақша айналымын қатаң түрде қадағалап, сол арқылы лаңкестікті қаржыландыру мен өзге де заңсыздықтарға жол бермеуге мүмкіндік туады.
Тимур Нигматуллиннің пайымдауынша, бұдан артық қатаңдатылмайды. Себебі Орталық банк валюта нарығын қатты қадағалауды көздемейді. Бұл дүрбелең тудыруы мүмкін. Сондықтан нарықты ақылмен басқарған дұрыс. Ал ойыншыларды айырбастың өркениетті ережелеріне бағынуға шақырады, дейді ол.
Осылайша, ресейліктер жаңа ережені түсіністікпен қабылдады. Жаңа жүйе енгізіледі деген ескертуден кейін де айырбастау бекеттерінде ұзын-сонар кезек пен дүрбелең де байқалмайды. фото: burneft.ru