Ресейде 5G желісін іске қосуға рұқсат берілді

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресейлік мобильді байланыс операторларына бесінші буын (5G) байланыс желілерін іске қосуға рұқсат берілді. Тиісті шешімді Радиожиіліктер жөніндегі мемлекеттік комиссия (ГКРЧ) қабылдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Фото: ТАСС

МТС, «МегаФон», «Т2 Мобайл» (Т2 бренді) және «ВымпелКом» («Билайн») операторлары 5G желілерін бұған дейін LTE (4G) стандарты үшін пайдаланылған радиожиіліктерде орналастыра алады.

Сонымен қатар операторларға 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін Ресей аумағындағы байланыс желілерінде орнатылған шетелдік базалық станцияларды пайдалануға рұқсат берілді. Ресейдің Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бұл елде жаңа мобильді байланыс стандартын жедел енгізуге мүмкіндік береді.

«Үлкен төрттік» операторына 4630-4990 МГц диапазонында ені 90 МГц болатын жаңа радиожиілік жолақтары да бөлінді. Ведомствоның бағалауынша, бұл жоғары өнімді байланыс желілерін дамытуға және жаңа цифрлық сервистерді енгізуге жағдай жасайды.

2027 жылдан бастап операторларды отандық 5G базалық станцияларына кезең-кезеңімен көшіру жоспарланып отыр. Бұл үдеріс 2031 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

ГКРЧ шешіміне сәйкес, операторлар миллионнан астам тұрғыны бар қалаларда қолданыстағы жиіліктер негізінде 5G желілерін жақын арада іске қоса бастайды.

Ал 4,63-4,99 ГГц диапазонындағы 5G желілерін миллионнан астам тұрғыны бар қалалардың ең көп сұранысқа ие орындарында орналастыру 2028 жылдың соңына дейін аяқталуы керек.

Кейін бесінші буын байланыс желілерінің қамту аумағын үш жыл ішінде кезең-кезеңімен кеңейту көзделген.

5G технологиясы мобильді байланыстың алдыңғы стандарттарымен салыстырғанда деректерді жоғары жылдамдықпен беруге және сигналдың кідірісін азайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен бастапқы кезеңде қамту аумағының шектеулі болуына және инфрақұрылымның біртіндеп дамуына байланысты пайдаланушылар жаңа технологияның барлық мүмкіндігін бірден сезіне алмауы мүмкін.

Бұған дейін Қазақстанда халық пен бизнеске кемінде 100 Мбит/с жылдамдықпен интернет ұсынуды көздейтін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру жалғасып жатқаны хабарланған болатын.