Ресейде АИ-92 бензинінің биржадағы бағасы жаңа рекорд орнатты

Фото: pixabay.com

МӘСКЕУ.KAZINFORM - 18 тамызда Санкт-Петербург биржасында Ресейдің еуропалық бөлігі индексі бойынша АИ-92 жанар-жағармай түрінің бағасы 1,28%-ға өсіп, тоннасы 71,309 мың рубльге (479 мың 196 теңге, 18 тамыздағы бағам бойынша) жетті. Осылайша жаңа баға рекорды тіркелді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Алдыңғы рекорд 2023 жылғы қыркүйекте орнатылған болатын, ол кезде көрсеткіш тоннасына 70,52 мың рубльге жеткен.

Сонымен қатар, дәл осы күні АИ-95 маркалы бензиннің бағасы 1,86%-ға қымбаттап, тоннасы 80,3 мың рубльге (539 мың 616 теңге) жетті. Ең жоғары көрсеткіш — 80,5 мың рубль 12 тамызда тіркелген еді. Дизель отынының бағасы да 0,93%-ға өсіп, тоннасы 59,274 мың рубль (398 мың 221 теңге) болды.

Көтерме бағаның өсуін ескере отырып, вице-премьер А. Новак Ресей Энергетика министрлігінің қыркүйек айына дейін бензин экспортына тыйымды ұзарту жөніндегі ұсынысын қолдады. Бұл шектеу өндірушілерге де қатысты болмақ. Ал трейдерлерге, мұнай қоймаларына және жылына 1 млн тоннадан аз бензин шығаратын өндірушілерге тыйым қазан айына дейін ұзартылуы мүмкін.

Осыған дейін Қазақстандағы бензин, дизель және автогаз бағалары туралы жаздық.