RBC агенттігінің RNC Pharma деректеріне сілтеме жасап хабарлауынша, Ресей дәріханалары үш ай ішінде 6,4 млн қаптама антидепрессантты 5,8 млрд рубльге сатқан. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаптама саны бойынша 22%-ға, ал ақшалай көлемде 34%-ға көп.
Сонымен қатар мазасыздық пен қорқынышты азайтатын анксиолитиктер сатылымы 4,8 млн қаптаманы құрап, жалпы құны 2,6 млрд рубль болған. Бұл ретте табиғи көлем 1%-ға азайғанымен, ақшалай көрсеткіш 11%-ға өскен.
Салыстыру үшін, 2025 жылдың алғашқы жартысында ресейліктер 11 млн-нан астам қаптама антидепрессантты шамамен 9 млрд рубльге сатып алған. Сондай-ақ 9,3 млн қаптама анксиолитик алынған. Сарапшылардың айтуынша, бұл препараттарға сұраныс Ресейде үшінші жыл қатарынан өсіп келеді.
Ал Росстат мәліметіне сәйкес, 2020–2024 жылдары елде психикалық бұзылыстармен сырқаттану деңгейі 18%-ға артқан. Ресейліктерде депрессия, мазасыздық және күйзеліс жағдайлары жиірек анықталып жатыр, ал шизофрения мен психоз көрсеткіштері тұрақты деңгейде қалып отыр, деп жазады Forbes.
Еске сала кетсек, бұған дейіун Ресейдің әскери шығыны 190 млрд долларға жеткенін жаздық.