Ресейде бензин Еуроодақ бағасымен сатылмақ

None
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Ресейде бензиннің төменгі бағасы сарапшылар болжағандай, көктемнің алғашқы айынан әрі аса алмады, деп хабарлады РБК.

 Мұны мұнайшылардың өздері де жасырмай отыр. Үкіметпен бағаны ауыздықтау жөніндегі шарттың мерзімі бітті, автомобиль отынының құны қайтадан шарықтай бастады. Әуелі ол 25 тиынға артты. «ЛУКОИЛ» компанияларының май құю стансаларында осындай өсім тіркелді. Аи-95 бензиніне өткен аптада 10 тиын, ал өткен сенбі және жексенбі күндері тағы 15 тиын қосылды.

«ЛУКОЙЛ отынының 25 тиынға артуы - бұл баға шарықтауының бастамасы ғана, компания одан әріге құлаш сермеуі мүмкін», деген сыңайдағы пікірін айтты «Кортес» компаниясының маркетинг және даму жөніндегі директоры Павел Строков «РБК-Daily» газетіне берген сұхбатында. Компанияның өзінде де бензинге шектеу бұдан былай болмайтынын жоққа шығармайды.

Сөйтіп, мұнайшылар мен экономистердің болжамына сәйкес Владимир Путиннің ұлықтау салтанатынан кейін мамыр айында АИ-95  бензинінің әр литрі қазіргі 28,4 рубльдің орнына 30,5 рубльге сатылатын болады.  Дегенмен мұнайшылар бұнымен тоқталмақ емес.

AutoNews.ru агенттігіне Ресейдің ірі мұнай компанияларындағы жоғары шенді дереккөздің хабарлауынша, жыл соңына қарай Аи-95 бензинінің литрі 1,2 еуроға жетпек. Бұл Еуроодақ елдеріндегі бензин құнына шамаласып қалады. Мысалға, Польша мен Литвада бір литр бензин 1,5 еуро тұрады - өйткені бұл елдер бағасы үш есе арзан бензинді Беларустан контрабандалық жолмен жеткізеді.

Бағаның бұдан әр төмендеуіне немесе тұрақтануына үміт жоқ. Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын парламентшілер «украин тәжірибесін» пайдаланып, бензинге қосымша акцизді екі еседен астам өсіруді (бір литр үшін 3 рубльдің орнына 7-8 рубльге) ұсынған болатын

Өз кезегінде Владимир Путин: «Акциздерді көтеру жол қорларын қалыптастыру қажеттігінен туындап отыр. Бұл елеулі ресурстар - көлік салығынан аймақтар 90 млрд. рубльге жуық алады, ал акциздердің көтерілуінен 93-94 млрд. доллар алатын болады» - деген еді.

Акциздер де салықтар сияқты бензин құнының едәуір бөлігін құрайды, сөйтіп, оның қымбаттауына тікелей ықпал етеді.  Ендеше отынға баға өсуі жағынан Ресей Еуроодақ деңгейіне жетіп қалуы кәдік.