Ресейде бизнестің қарызы екі есе ұлғайды
МӘСКЕУ.KAZINFORM — Ресейлік бизнес тарапынан зейнетақы мен медициналық қызметтерге байланысты төлемдер бойынша қарыз көлемі былтырғы көрсеткіштен екі есе асып, 352 млрд рубльге (шамамен 2 трлн 330 млрд теңге) жетті. Бұл туралы Ресей Федерациясы Есеп палатасының есебінде айтылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Анықтама: Ресейдегі сақтандыру жарналары — бұл жұмыс берушілердің қызметкерлерінің зейнетақы, медицина және әлеуметтік қорғауына міндетті түрде төлейтін төлемдері. 2023 жылдан бастап бизнес бұл жарналарды бірыңғай мөлшерлеме бойынша — қызметкерге төленетін жалақының 30%-ы көлемінде аударады (оның ішінде 22% — зейнетақыға, 5,1% — медицинаға, 2,9% — басқа әлеуметтік жәрдемақыларға).
Ресейлік сарапшылардың пікірінше, сақтандыру жарналары бойынша берешектің өсуіне ең алдымен бизнестің қаржылық жағдайының нашарлауы себеп болып отыр. Бұл, әсіресе, шағын және орта бизнеске тән, мұнда айналым қаражаты ең алдымен жалақы, жалға алу және тауар сатып алу сияқты шығындарға жұмсалады, ал сақтандыру жарналарына жетпей қалады.
Сарапшылар Ресейде қай өңір мен нақты қай салада сақтандыру жарналары бойынша берешек көп екендігі туралы ашық мәліметтер жоқ дейді. Олар негізгі қарыз құрылыс, сауда және қызмет көрсету сияқты көлеңкелі жұмыспен қамту үлесі жоғары салаларда жиналған болуы мүмкін деп болжайды.
Олардың пікірінше, мұндай тәуекелдер көмір өнеркәсібінде де жоғары, өйткені бұл салаға сұраныстың төмендеуі, санкциялар мен логистикалық шектеулер әсер етіп жатыр. Бұл ең алдымен ірі шахталар шоғырланған Кемерово облысы, Краснояр өлкесі және Хакасияға қатысты.
Сонымен қатар, сарапшылар туризм саласында да осындай жағдай болуы мүмкін екенін атап өтеді.
Сарапшылар биыл экономикалық өсім қарқыны баяулайды деп болжайды. Сондай-ақ кейбір секторларда құлдырау болуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл компаниялардың жағдайын қиындатып, жарналарды уақтылы төлеуін тежейді.
Бұған дейін Ресейде шетелдіктердің байланыссыз қалуы мүмкін екенін хабарлаған едік.