Ресейде екі трамвай соқтығысып, 67 адам зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің Кемерово қаласында екі трамвайдың соқтығысуы салдарынан зардап шеккендерд саны 67 адамға жетті. Үш адамның жағдайы ауыр, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі. 

Фото: Pixabay.com

6 маусымда Кемероводағы Кузнецкий көпірінің басындағы Логовая тас жолында екі трамвай соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, 30 адам зардап шекті. Кейін Кемерово облысының билігі зардап шеккендер саны 67 адамға жеткенін хабарлады.

«Кузбасс апаттар медицинасы орталығының мәліметінше, сағат 10:40-тағы жағдай бойынша барлығы 67 адам зардап шекті. Оның ішінде үш адамның жағдайы ауыр: екеуі жансақтау бөлімінде, біреуі операциялық бөлімде жатыр. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр. 10 адам амбулаторлық ем алуға жіберілді», - делінген облыс губернаторының м.а. Илья Середюктің мәлімдемесінде.

Кемерово облысының денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендер саны артуы мүмкін.

«Амбулаториялық науқастар, мысалы, стресс алды. Үш адамның халі нашар. Олардың жағдайы ауыр емес, біреуі ота жасау бөлімінде жатыр», - деді Кемерово облысының денсаулық сақтау министрі Дмитрий Беглов. 

Ауруханада 57 адам жатыр. 

Трамвайдың соқтығысуына тежегіштің істен шығуы және адам қателігі себеп болуы мүмкін.

Кемерово электр көлігі компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, апат орнында өрт болмаған және оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Трамвайлар «Набережная» аялдамасына жақын жерде соқтығысты.

Оқиға фактісі бойынша РФ ТК Тергеу басқармасы тергеу амалдарын бастады. Кемерово облысының прокуратурасы қылмыстық істі өз бақылауына алды. Жедел штаб құрылды.