Ресейде елге кіру кезінде мигранттарды медициналық тексеру ережелері қатаңдатылды

МӘСКЕУ.KAZINFORM — Федерация Кеңесі заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл шараларын енгізетін және мигранттардың денсаулық жағдайын бақылауды күшейтетін заңды мақұлдады. Бұл туралы парламенттің жоғарғы палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, агенттіктің Мәскеудегі меншікті тілшісі жазды.

Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

Қазіргі уақытта Ресейге келген мигранттар 90 күн ішінде қауіпті жұқпалы аурулар мен АИТВ-ның бар-жоғына медициналық тексеруден өтуге, сондай-ақ есірткі қолдану бойынша тест тапсыруға міндетті.

Мақұлданған заңға сәйкес, медициналық тексеруден өту мерзімі бір айға дейін қысқартылады. Бұдан бөлек, елде 30 күннен астам уақыт болатын мигранттар жыл сайын медициналық куәландырудан өтуі тиіс болады.

Тексеру шығындарын мигранттардың өздері немесе олардың жұмыс берушілері төлейді. Сондай-ақ құжатта еңбек мигранттарын тексеру кезінде делдалдық қызметке тыйым салу қарастырылған. Медициналық куәландыруды тек осыған уәкілеттік берілген ұйымдар ғана жүргізе алады. Бұл рәсімдерден өту уақытша тұруға немесе жұмыс істеуге рұқсат алу үшін міндетті талап болады.

Медициналық тексеру қорытындысы бойынша дәрігерлер қағаз және электрондық форматта қорытынды рәсімдейді. Яғни мәліметтер Бірыңғай мемлекеттік денсаулық сақтау ақпараттық жүйесіне (ЕГИСЗ) енгізіледі. Егер тексеру барысында мигранттан қауіпті ауру анықталса немесе оның есірткі қолданғаны белгілі болса, медициналық ұйым бір тәулік ішінде бұл туралы Ішкі істер министрлігі мен Роспотребнадзорға хабарлап, елден шығару туралы шешім қабылдау үшін ақпарат береді.

Құжатқа ел президенті қол қойғаннан кейін ол 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде QR-тіркеуді қамтитын Ресейге кірудің жаңа ережелеріне түсініктеме берілгені туралы хабарланған болатын.