Ресейде еңбек мигранттарының медициналық тексеруден өту мерзімі 30 күнге дейін қысқарды

МӘСКЕУ.KAZINFORM — Ресейде 1 қыркүйектен бастап еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында елге келген шетел азаматтарын медициналық куәландыру тәртібі күшейтілді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Фото: Freepik

Күшіне енген заңға сәйкес, еңбек мигранттары елге кіргеннен кейін қауіпті инфекциялық аурулардың, АИТВ-ның бар-жоғын және есірткі заттарын қолдану фактісін анықтау үшін медициналық тексеруден өтуге тиіс мерзім 90 күннен 30 күнге дейін қысқартылды.

Ресейде 30 күннен астам уақыт болатын шетел азаматтары медициналық куәландырудан жыл сайын өтуге міндеттеледі. Медициналық тексеруге жұмсалатын шығындарды мигранттардың өздері немесе олардың жұмыс берушілері өтейді.

Жаңа талаптарға сәйкес, медициналық куәландыруды тек осыған уәкілетті медициналық ұйымдар жүргізе алады. Медициналық тексеруден өту кезінде делдалдық қызмет көрсетуге тыйым салынады.

Медициналық куәландырудан өту уақытша тұруға немесе жұмыс істеуге рұқсат алу, сондай-ақ патентті қайта рәсімдеу үшін міндетті шартқа айналады.

Тексеру нәтижелері бойынша, оның ішінде электрондық форматта медициналық қорытынды рәсімделеді. Медициналық тексеру нәтижелері Денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйеге (ЕГИСЗ) енгізіледі.

Шетел азаматының бойынан қауіпті инфекциялық ауру, АИТВ анықталған немесе есірткі заттарын қолданғаны белгілі болған жағдайда, медициналық ұйым 24 сағат ішінде бұл туралы Ресей Ішкі істер министрлігіне және Роспотребнадзорға хабарлауға тиіс. Алынған ақпарат шетел азаматын елден шығару туралы шешім қабылдауға негіз болуы мүмкін.

Осылайша, Ресей билігі еңбек мигранттары елге кіргеннен кейін олардың денсаулық жағдайын тексеру мерзімін қысқартып, елде 30 күннен астам болатын шетел азаматтарына тұрақты түрде жыл сайынғы медициналық бақылау енгізіп отыр.

Бұған дейін Қазақстан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Өзбекстаннан келген еңбек мигранттары үшін негізгі бағыттардың біріне кіргені хабарланған болатын.