Ресейде еңбек мигранттарының орыс тілін білуіне қойылатын талап қайта қаралуы мүмкін

МӘСКЕУ.Kazinform - Ресей Ішкі істер министрлігі шетелдік жұмысшылардың бір бөлігін орыс тілін, Ресей тарихын және заңнамасының негіздерін білетінін растау міндетінен босатуды ұсынды.

Фото: Polisia.kz

Бұл бастама даму басымдығы бар аумақтардың резиденттері болып табылатын жұмыс берушілерден жұмыс істеуге рұқсат алған шетел азаматтарына қатысты. Бұл туралы ведомствоның заң жобасында айтылған, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Қолданыстағы ережелерге сәйкес, шетел азаматтары жұмыс істеуге рұқсат алу үшін орыс тілін, Ресей тарихын және заңнама негіздерін білетінін растауға тиіс. Заң жобасы даму басымдығы бар аумақтардың резиденттері болып табылатын жұмыс берушілерде еңбек ететін, сондай-ақ осындай жұмыс берушілер мен қызметтерге тапсырыс берушілер үшін жұмыс орындайтын шетелдік қызметкерлерге қатысты ерекшеліктерді кеңейтуді көздейді.

Ресей Экономикалық даму министрлігінің мәліметінше, мұндай аумақтар моноқалаларда, жабық әкімшілік-аумақтық құрылымдарда, Қиыр Шығыс пен Арктика аймағында орналасқан. Атап айтқанда, Қиыр Шығыста даму басымдығы бар 16 аумақ, ал Арктикада тағы екі аумақ бар.

Ұсынылып отырған шара инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға және осы аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған.

Осыған дейін Ресейдің бүкіл аумағында мигранттарды бақылаудың жаңа жүйесі енгізілетіні туралы жаздық.