Ресейде халықаралық жүргізушілерге өздерімен бірге КО құжаттарын алып жүру міндеттелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев халықаралық жол қозғалысына қатысушы жүргізушілердің өздерімен бірге Кедендік одақ нормаларымен қарастырылған құжаттарды алып жүруді міндеттейтін қаулыға қол қойды, деп хабарлады РБК.

«Ережелер халықаралық қозғалысқа қатысушы көлік құралы жүргізушісінің міндеттерімен толықты, яғни өзімен бірге аталған көлік құралының уақытша келгенін растайтын КО заңнамасымен қарастырылған кедендік органдармен белгіленген құжаттар, ал тіркемесі болған жағдайда оның да КО-ның бірыңғай кедендік аумағына уақытша келгені жайлы құжаттары болуы керек», - делінген қаулыда.

Құжаттардың болмауы, көлік құралын уақытша енгізу уақытының асып кетуі, сонымен бірге, растайтын құжаттарда осы көлікті басқарушы адамның аты-жөні көрсетілмеуі жол жүру ережесін бұзғандығы болып табылады.