Ресейде қаңтар айындағы жылдық инфляция 6 пайызды құрады

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейде 2026 жылғы қаңтар айында жылдық инфляция 6 пайызды құрады. Бұл туралы РФ Экономикалық даму министрлігі жариялаған ағымдағы баға жағдайы туралы шолуда айтылған, деп хабарлайды ТАСС.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы желтоқсанда жылдық инфляция 5,59 пайыз болған.

– 2026 жылғы қаңтарда тұтынушылық инфляция 1,62 пайызды құрады. Бұл 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесінің 20 пайыздан 22 пайызға дейін көтерілуімен байланысты, – делінген шолуда.

Азық-түлік тауарлары секторында баға 1,95 пайызға өзгерген. Жеміс-көкөніс өнімдерін есептемегендегі азық-түлік бағасы 1 пайызға артқан. Сонымен қатар сары май, қант және құс еті бағасының төмендеуі тіркелген.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде қаңтар айындағы баға өсімі 0,61 пайызды құрады. Қызмет көрсету секторында баға 2,33 пайызға өзгерген.

Жалпы алғанда, қаңтар қорытындысы бойынша жылдық инфляция 6 пайыз деңгейінде тіркеліп, өткен жылдың желтоқсанындағы 5,59 пайыздық көрсеткіштен жоғары болды.

Айта кетейік, Ресей мен Беларуське экспортталатын көліктің утильалымы өсті.