Оқиға 28 сәуір күні Муй ауданында, Ирокинда елді мекенінен 13 шақырым жерде болған. Технологиялық жолды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқан тоғыз адамның үстіне қар құлаған. Алғашқы сағаттарда үш адам өз бетінше шыға алғанымен, қалған алты адам қар астында қалып қойған.
Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің өңірлік басқармасы ұйымдастырған ауқымды іздестіру-құтқару шараларының нәтижесінде, 29 сәуірге қараған түні барлық алты адамның денесі табылды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың арасында отандасымыздың бар екенін мәлімдеді.
– Ресей Федерациясының құзыретті органдарынан алынған ресми ақпаратқа сәйкес, қар көшкіні салдарынан 1990 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы А.Тицкийдің қаза тапқаны расталады, - деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта дипломаттар тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
– Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Ресей Федерациясының құзыретті органдарымен тікелей байланыста. Аталған мәселе Министрліктің бақылауында, - делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, «Ирокинда» кеніші алтын өндірумен айналысады. Қазіргі уақытта апаттың себептері мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуы бойынша тергеу амалдары басталды.