Ресейде қарлы боран салдарынан 13 турист жоғалып кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Пермь өлкесінде болған қарлы боран салдарынан туристік топ хабарсыз кеткен. Олар белгіленген уақытта жиналу орнына келмеген, деп хабарлайды ТАСС.
Топ құрамында 15 адам болған, олардың екеуі 13 желтоқсан күні елді мекенге өз бетімен оралған, ал 13 туристен әлі хабар жоқ. Іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Оқиғаның мән-жайына келсек, Свердлов облысынан келген 15 адамнан құралған туристер тобы 13 желтоқсанда қарда жүретін көліктермен Ослянка тауына аттанған. Екеуі өздігінен оралып, қалғандары шыңнан түсер алдында байланысқа шықпай қалған. Олар белгіленген уақытта Кизелов муниципалдық округіне қарасты Орта Усьва кентіндегі жиналу нүктесіне келуі тиіс еді.
Ақпаратты тексеру үшін ТЖ алдын алу және жоюдың бірыңғай мемлекеттік жүйесі 12 адам және 6 техникасын шұғыл жұмылдырған. Кейін іздеу жұмыстарына тартылған күш пен құрал қатары 22 адамға және 10 техникаға дейін көбейтілген.
Пермь өлкесінің прокуратурасы бұл жайтты бақылауға алғанын хабарлады. Туристерді соңғы рет 13 желтоқсан күні күндіз көрген, сол күні олар таудан түсіп, базаға оралуы тиіс болған. Оларда өздерімен бірге ұялы телефондары мен рациялары болған, алайда спутниктік телефонды базаға қалдырып кеткен.
14 желтоқсан күні Ослянка тауында іздеу жұмыстары қолға алынды, Бірақ рацияға еш жауап келмеді. Тауда ұйытқыған жел мен боран тұрып, 2–3 метр жердің өзін көру мүмкін болмай қалған.
Қазір «ЛизаАлерт» іздестіру-құтқару жасағы жоғалған туристер тобына қатысты тапсырма алып, іздеу топтарын жасақтауға кіріскен.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда тауда адасып кеткен туристер құтқарылғанын жазғанбыз.