Ресейде киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл тұжырымдамасын іске асыру жоспары бекітілді
МӘСКЕУ.KAZINFORM - РФ Үкіметі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл туралы Ресей Үкіметінің сайтында хабарланды, деп жазады агенттік тілшісі.
Хабарламада құжат заңнаманы жетілдіруді, қылмыскерлерге техникалық тұрғыдан қарсы іс-қимылды және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды көздейтін шаралар кешенін қамтитыны айтылған.
Жоспар бағыттарының қатарында – заңнаманы жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту. Атап айтқанда, байланыс операторлары, интернет-провайдерлер, ақпарат таратуды ұйымдастырушылар және басқа да құрылымдар цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстар белгілерін анықтаған кезде құқық қорғау органдарына хабарлау міндетін белгілеу мәселесі қарастырылмақ.
Бұл жұмысты Ресейдің ІІМ, Цифрлық даму министрлігі, Федералдық қауіпсіздік қызметі және Роскомнадзор Бас прокуратура және Тергеу комитетімен бірлесіп атқарады. Оның қорытындысы бойынша 2027 жылдың III тоқсанында Ресей Үкіметі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бастамасын көтеруі мүмкін.
Осы мерзімге дейін ведомстволар жеке деректер саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті арттыру жөнінде ұсыныстар енгізеді. Атап айтқанда, мұндай құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімін ұзарту ұсынылады.
Сонымен қатар интернет-технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл іс-шараларды Цифрлық даму министрлігі, Мәдениет министрлігі, Қаржы министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Білім министрлігі, ІІМ және Ресей Банкі жүзеге асырады. Олар азаматтардың цифрлық және қаржылық сауатын арттырып, БАҚ-та әлеуметтік жарнаманы орналастырады. Жұмыстың жеке бағыты - кәмелетке толмағандарды «цифрлық» қылмыстарға тартудың алдын алу. Алдын алу материалдарының депозитарийі 2026 жылдың II тоқсанында қалыптастырылады.
Цифрлық даму министрлігі мен ІІМ 2027 жылдың I тоқсанына дейін азаматтарды ықтимал қылмыстар туралы міндетті ақпараттандыру модулін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылға арналған негізгі мобильді қосымшаларға, сондай-ақ банктік және әлеуметтік маңызы бар қосымшаларға енгізу мәселесін пысықтайды.
2026 жылдың III тоқсанында интернет-дүкендердің ресми сайттарына сілтемелердің бірыңғай тізілімі жасалады. Бұл «электрондық қосарланушыларға» қарсы күрес үшін қажет. Бұдан бөлек, 2028 жылдың I тоқсанына дейін киберқылмыстарды жасау кезінде жасанды интеллект технологияларын анықтау алгоритмі әзірленеді.
Еске сала кетейік, қылмыстарға қарсы іс-қимыл тұжырымдамасы 2024 жылдың желтоқсанында бекітілген болатын.
Осыған дейін ресейлік Max мессенджерінде 18 млн қолданушы тіркелгені туралы жаздық.