Ресейде Қиыр Шығыста жерді тегін тарата бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейліктерге Қиыр Шығыстан 1 гектар жерге ие болуға құқық беретін заң 1 маусымнан күшіне енді. Бұл мүмкіндікті бірінші болып Қиыр Шығыс федералдық округінің тұрғындары пайдалана алады, деп хабарлады РБК.

2 мамырда Ресей президенті Владимир Путин қол қойған «қиыршығыстық гектар» туралы заң 1 маусымда заңды күшіне енді.  Бұл заңға сәйкес, Ресей азаматы Қиыр Шығыстағы мемлекеттік немесе муниципалдық иеліктегі 1 гектар жерді тегін ала алады.

Тегін гектарды  Якутия, Камчатка, Приморье және Хабаровск өлкелерінде, Амур, Магадан және Сахалин облыстарында, Еврей автономиялық облысында, сонымен қатар Чукоткада алуға болады.

Жер учаскесін өз бетімен надальнийвосток.рф сайтынан таңдауға болады. Бұл үшін порталда алдын ала тіркелу керек.  

Учаске 5 жыл пайдалануға тегін беріледі. Кейін оны жалға алуға немесе жеке меншік ретінде алуға болады.  Жерді пайдаланбаған жағдайда ол қайтарылып алынады. Құжатқа сәйкес, шарттағы тараптардың бірі шетелдік, азаматтығы жоқ немесе капиталында олардың үлесі немесе шетелдік компаниялардың үлесі бар заңды тұлға болған жағдайда «қиыршығыстық гектарды» сатып алуға-сатуға және жалға алуға болмайды.  

Приморье өлкесінің губернаторы Владимир Миклушевский атап өткендей, 1 маусымнан Қиыр Шығыс Федералдық округінің аудандарында ілкі жоба түрінде жүзеге асырыла бастайды. Ондағы жерді, әзірге, аймақ тұрғындары ғана ала алады.  

«1 қазаннан бағдарлама кеңейтіледі және  Қиыр Шығыстың кез-келген тұрғыны 1 гектар жерді кез келген  субъекті мен муниципалитеттен ала алады. Ал 2017 жылдың 1 ақпанынан бұл бағдарламаның мүмкіндігін Ресей  Федерациясының барлық тұрғындары пайдалана алады», - деді Миклушевский.