Ресейліктер Мемлекеттік думаның 450 депутаттарын сайлайды. Оның жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы бірмандатты сайлау округтері арқылы сайланады.
Федералдық сайлау округі бойынша сайлау бюллетеніне 10 партия енгізілді. Олар: «Біртұтас Ресей», Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы (КПРФ), ЛДПР, «Жаңа адамдар», «Әділетті Ресей», «Ресей зейнеткерлер партиясы — әлеуметтік әділеттілік үшін», «Ресей коммунистері», «Родина», Ресейдің «Жасылдар» экологиялық партиясы және Тікелей демократия партиясы.
Мемлекеттік дума депутаттарынан бөлек, сегіз өңірде жоғары лауазымды тұлғалар сайланады. Сондай-ақ бірқатар өңірде заң шығару жиналыстары депутаттары мен муниципалдық өкілді органдар мүшелерінің сайлауы өтеді.
Алғашқы сайлау учаскелері Камчатка мен Чукоткада ашылды. Дауыс беру 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Өңірлердегі сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00–ге дейін жұмыс істейді.
Мерзімінен бұрын дауыс беру 30 тамызда 37 өңірде басталған болатын. Ресей Орталық сайлау комиссиясының 16 қыркүйектегі мәліметінше, елде 203 952 сайлаушы алдын ала дауыс берген.
Шетелде 28 елде шамамен 14 мың Ресей азаматы мерзімінен бұрын дауыс берді. Осылайша, негізгі дауыс беру басталғанға дейін Ресейде және шетелде 217 мыңнан астам сайлаушы өз таңдауын жасады.
Айта кетейік, Ресей Мемлекеттік думасының бұған дейінгі сайлауы 2021 жылы өткен.
Еске салайық, бұған дейін Сербияда 25 қазанда кезектен тыс парламент сайлауы өтетінін хабарлағанбыз.