Ресейде мигранттар емтиханына әйелдермен сөйлесу ережелерін енгізу ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің «Новые люди» («Жаңа адамдар») фракциясының депутаттары Владислав Даванков, Ярослав Самылин және Ксения Горячева Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальковқа мигранттарға арналған емтиханды «Ресейдегі әйелдермен сөйлесу ережелері» бөлімімен толықтыру ұсынысымен хат жолдады, деп хабарлайды ТАСС.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы әкімшілік шығару, депортация және реадмиссия туралы 190 мың шешім қабылданған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 93,8 мыңға көп. Ұсыныста мигранттардың қоғамдық тәртіпті бұзуы, соның ішінде «әйелдерді қорлау және сыйламау, бұзақылық пен зорлық-зомбылық көрсету» жағдайлары көбейіп жатқаны айтылды.
— Депортация мен елден шығару тәжірибесінің жетілдірілуіне қарамастан, мигранттар арасында әйелдерге қатысты мәдени-құқықтық нормалардың базалық білімін қалыптастыруға бағытталған алдын алу шараларын қабылдау қажет, - деп атап көрсетеді авторлар.
— Шетел азаматтары үшін орыс тілі, Ресей Федерациясының тарихы және заңнамасы негіздері бойынша емтиханды Ресейдегі әйелдермен сөйлесу нормаларына арналған міндетті бөліммен толықтырған жөн. Ресей Федерациясы Үкіметінің 2021 жылғы 31 мамырдағы № 840 қаулысына өзгерістер енгізу қажет, Ол жұмысқа рұқсат немесе патент алуға үміткер шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қойылатын ең төменгі білім талаптары бекітілген. Шетел азаматы әйелдермен сөйлесу нормаларын, оның ішінде бұзақылық мен қорлаудың құқықтық салдарын білуі тиіс деген норманы қосу қажет, — делінген құжатта.
Авторлардың пікірінше, шетелдік азаматтар аңдудың немесе тиісудің кез келген түрі әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны туралы хабардар болуы керек.
Парламент депутаттарының пікірінше, ұсынылған бастаманы жүзеге асыру жанжалды жағдайлардың санын азайтуға, қоғамдық орындарда әйелдердің қауіпсіздігі мен қорғалу деңгейін арттыруға, халықтың мемлекеттік көші-қон саясатына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
— Емтиханды мінез-құлықтың мәдени-құқықтық нормаларымен толықтыру шетел азаматтарының неғұрлым табысты интеграциясына жағдай жасайды. Сондай-ақ Ресей Федерациясының дәстүрлері мен заңдарына құрметпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді, - дейді депутаттар.
Еске сала кетейік, Ресейде тәртіп бұзған мигранттарды елден шығару көрсеткіші 17%-ға өсті.