Ресейде өтетін халықаралық байқауда Қазақстан атынан кім өнер көрсететіні белгілі болды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 20 қыркүйек күні Ресейде халықаралық музыкалық «Интервидение – 2025» байқауының финалы өтеді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстан атынан бұл байқауға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Amre лақап атымен танымал әнші Ернар Садырбаев қатысады.

Ернар Садырбаев – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Pop, pop-classic, latino және R&B бағыттарында орындайтын әнші халықаралық фестивальдер мен байқаулардың жеңімпазы.

2018 жылы Ернар Садырбаев Витебск қаласында өткен «Славян базары» фестивалінде бірінші орын иеленді. 2021 жылы ол Қазақстанда өткен «Маска» телевизиялық шоуына қатысып, көрерменнің сүйіспеншілігіне ие болды.

Шоу барысында Ернар «Бүркіт» бейнесінде өнер көрсетіп, ерекше ықыласқа бөленді. Әншінің тағы бір жеңісі – ресейлік «Голос» жобасына қатысуы. Бұл шоуда ол Дима Биланның командасына қосылып, финалға дейін жетті.


Айта кетейік, қазақстандық әнші «Славян базары» байқауында Гран-при иеленді.