Ресейде шағын қалалар жойылып кету алдында тұр

Фото: © Сергей Карпухин/ ТАСС

МӘСКЕУ.KAZINFORM - Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының (БРПЗО) баяндамасына сәйкес, Ресейдегі моноқалалар тұрғындардың мегаполистер мен ірі қалаларға жаппай көшуі салдарынан жойылу қаупіне тап болуы мүмкін, деп хабарлайды агенттік тілшісі ресейлік БАҚ деректеріне cілтеме жасап.

Баяндамада шағын қалаларда халық санының азаюына негізгі себеп ретінде жастардың көшіп кетуі және аға буынның табиғи түрде азайғаны аталады.

Мұндай елді мекендерде жыл сайын үй шаруашылықтарының жалпы саны азайып келеді, инфрақұрылым жеткіліксіз, білім алу мен қызметте өсу мүмкіндіктері шектеулі, сондай-ақ жастарға туған жерінде даму болашағын көруге мүмкіндік беретін өмірлік бағыттардың жоқтығы сезіледі.

Зерттеу нәтижелері бойынша, жастар арасындағы пессимизм шағын қалаларда көбірек байқалады: олардың тек 33%-ы болашаққа оптимистік сеніммен қарайды (мегаполистерде бұл көрсеткіш - 53%). Осындадай қалалардағы азаматтардың шамамен 38%-ы тиімді жұмыс ұсынысы болған жағдайда басқа қалаға көшуге дайын екені айтылған.

Социологтар 1950 жылдан 2030 жылға дейін ірі қалалардан тыс аймақтардағы халық саны 36%-ға азаяды, ал халқы 500 мыңнан жоғары қалаларда тұрғындар саны 25%-ға өседі деп болжайды.

Халықтың көшіп кетуіне жергілікті, өңірлік және федералдық деңгейдегі мемлекеттік институттардың жұмысы да әсер етеді.

Шағын қалаларды сақтап қалу жолдарының бірі ретінде БРПЗО бұл елді мекендерде туризмді дамыту мүмкіндігін ұсынады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның моноқалаларының болашағы туралы, онда индустрияландыруға басымдық берілетіні хабарланған болатын.