Кикотьтің айтуынша, Ресейде бір мезетте 6-6,5 млн шетелдік болады. Оның ішінде шамамен 3 млн адам — еңбек мигранты, 1,7 млн — олардың отбасы мүшесі, тағы 1 млн-ға жуығы — турист, студент және жеке мақсатпен келген азамат.
Сонымен қатар елде жүрген шетелдіктердің шамамен 800 мыңы заң талаптарын, оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған.
Кикоть заңды еңбек көші-қонының өсіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, кейінгі уақытта заңды еңбек мигранттарының үлесі 45%-дан 50%-ға дейін артқан.
РФ ІІМ басшысының орынбасары мигранттардың жұмыс істемейтін отбасы мүшелерінің санын қысқарту шаралары туралы да айтты. Мемлекеттік көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру аясында олардың саны 1,7 млн адаммен салыстырғанда 20%-ға қысқарған. Бұған, атап айтқанда, үкіметтің шетелдік азаматтардың балаларын мектепке қабылдау кезінде белгілеген талаптары ықпал еткен.
Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде жұмыс істейтін шетелдіктерге елде тұратын әрбір жұмыс істемейтін отбасы мүшесі үшін салық салуды көздейтін федералдық заң күшіне енеді.
ІІМ мәліметінше, шетел азаматтары арасындағы қылмыс деңгейі де төмендеп келеді. Былтыр шетелдіктер жасаған шамамен 41 мың қылмыс тіркелсе, биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 14,5 мың болған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 40% аз.
Кикоть бұл динамиканы көші-қон қызметінің өкілеттерінің кеңеюімен байланыстырды. Ведомство ұйымдасқан қылмыстық топтарды, заңсыз көші-қон схемалары мен арналарының жолын кесуге, сондай-ақ еңбек мигранттарын тіркеу және заңдастыру үшін жалған құжаттар дайындайтын астыртын баспаханаларды анықтауға басымдық беріп отыр. Анықталған ұйымдасқан қылмыстық топтардың саны 30% артқан.
Шетел азаматтарының қатысуымен жасалатын қылмыстардың басым бөлігі Мәскеу, Мәскеу облысы және Санкт-Петербург қаласына тиесілі. Бұл өңірлерде барлық тіркелген қылмыстың жартысына жуығы жасалады, қалғаны Ресейдің басқа субъектілері арасында бөлінген.
Көші-қонды бақылау саласында да тексеру шараларының саны артқан. Жүргізілген рейдтер саны 155 мыңға көбейіп, тексерілген заңды тұлғалар саны 43% өскен. Нәтижесінде шамамен 100 мың шетелдік елден шығарылған, оның ішінде 75 мыңы мәжбүрлі түрде депортацияланған.
Бұған дейін Қазақстанда адам саудасының 85 фактісі мен заңсыз көші-қонның 9 арнасының жолы кесілгені туралы жазғанбыз.