Ресейде Сталинград шайқасындағы жеңістің 67 жылдығы аталып өтуде

АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат - Ресейдің Волгоград облысында Сталинград шайқасындағы жеңістің 67 жылдығы атап өтілуде,

деп хабарлайды «Маяк « радиосы.

Сталинград үшін шайқаста 1,2 миллионнан астам кеңес жауынгері құрбан болды. Бұл - Екінші Дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі. Осы шайқастан кейін Қызыл Армия бүкіл майдан бойынша шабуылды бастады.

Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған 27, 72 және 73 - гвардияшыл атқыштар дивизиялары, 292 және 387 - атқыштар дивизиялары, 81 - атты әскери дивизиясы, 74 - теңіз атқыштар бригадасы, 129 - миномет полкі және 156 жеке көпір құрылысы батальоны қатысты. Даңқты 62-ші армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ болды. 64-ші армияның құрамында болған қазақстандық 29-шы, 38-ші атқыштар дивизиясы Сталинград шайқасында көрсеткен табандылығы мен қаһармандығы үшін 72-ші, 73-ші гвардияшыл атқыштар дивизиясы атанды, 73-ші гвардияшыл атқыштар дивизиясына «Сталинградтық» құрметті атағы қоса берілді. 1942 жылы желтоқсанның 22-де «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі тағайындалып, 750 мың солдат пен офицер марапатталды. 112 адамға Қеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның төртеуі - қазақстандық ұшқыш Н.Әбдіров, полк командирі Т.С.Позолотин, взвод командирі Г.Г.Рамаев және минометші Қ.Сыпатаев.

1945 жылы мамырдың 1-де Сталинград (қазіргі Волгоград) қаһарман қала атағына ие болды. Сталинград шайқасы батырларының ерлігін мәңгі есте сақтау үшін 1963 - 1967 жылдары Мамай қорғанында мемориалды кешен салынып, 1982 жылы «Сталинград шайқасы» музей - панорамасы ашылды.