Ресейде тіркелген көлік 4,7 млн теңгеге жол ережесін бұзған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда «Борышкер» іс-шарасы барысында 73 млн теңгеден астам қарызы бар 244 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: polisia.kz

Алматыда «Борышкер» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр. Шара жеке сот орындаушыларының және мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысуымен жүзеге асырылуда.

«Алматы жолдарында республикалық акция басталғалы бері 244 көлік тоқтатылып, мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылды. Олардың иелерінің сот қаулысы және сот орындаушылары бойынша берешегі, сондай-ақ жалпы сомасы 73 млн теңгеден астам төленбеген әкімшілік айыппұлдары бар. Мәселен, қалада Ресей Федерациясында тіркелген «Toyota Camry» автокөлігі ұсталды, оның жүргізушісі 4 574 700 теңге сомасында 132 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Сондай-ақ ол көлік құралдарын басқару құқығы жоқ 133 жүргізуші, бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылған 15 жүргізуші және жалған нөмір таққан 13 жүргізуші ұсталғанын атап өтті.