Ресейде тракторлар жарысы болады

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Ресейдің Ростов облысында елдегі жалғыз тракторлар жарысы болады, деп хабарлайды Дни.ру сайты.

 Биылғы жарыс мамыр айында Ростов облысының құрылғанына 75 жыл толуына орай «Бизон-Трек-Шок» деген атпен өткізіледі. 

Бұл облыста тракторлар жарысы көптен бері өткізіліп келе жатса да, алғаш рет бюджеттен қолдау көрсетілмекші. Оның себебі былтырғы жарысты көріп-тамашалаған облыс губернаторы Василий Голубевтің шектен тыс әсер алғаны болса керек. Сондықтан ол биыл облыстық бюджеттің 3 млн. рублін дәл осы жарысқа арнап бөліп отыр екен.

Жарысқа ресейдің көптеген облыстарынан, тіпті жақын шетелдерден «трактордың құлағында ойнайтын шабандоздар» шақырылмақшы. Былтырғы жарысқа Ростов облысы мен басқа да аймақтардан және Украинадан жиналған 40 шақты ауылшаруашылық кәсіпорындары «темір тұлпарларын» үкілеп қосқан көрінеді.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, тракторлар аламаны механизатор мамандығының беделін өсіріп қана қоймай, жастарды ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартуға себін тигізеді.

Ростовтағы ең алғашқы трактор жарыс 2002 жылы болған еді.