Ресейде тұратын қазақтың Астанада сурет көрмесі ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы TSE Art Destination галереясында Астраханнан келген жас суретші Әділ Әубәкіровтың жеке көрмесі ашылды. Көрмеде суретшінің 30-дан астам жұмыстары ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділ Әубәкіров Ресейдің қазағы, Астраханнан келген жас суретші, Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Сен-Тропеде және т.б. өткен жеке және топтық көрмелердің мүшесі. Бұл көрме оның Астанадағы, яғни өзінің тарихи отанындағы алғашқы жұмыс тәжірибесі болып отыр. Қазақстанға алғаш рет өткізілетін «Astana Art Show» халықаралық көрмесіне қатысуға келген ол жеке көрмені өткізу арқылы халқының мәдениеті мен тарихы туралы көбірек білуге ұмтылады.

«Менің өнеріме деген бағыт өз тарихымнан, ежелден бастау алатындай. Керек десеңіз, шаманизм мәнінен сыр тартып, өзімді табиғатпен біріктіретін тың дүниені өмірге әкелгім келеді. Шабыт келіп, кезекті туындыңа кіріскенде бойдағы өнер билеген осынау талап-тілекке ешқандай қарсылық көрсете алмайсың. Суреттерімнің негізін классикалық техникамен саламын. Алайда сурет өнеріне мен заманға сай көзқараспен, тыңға түрен салып қарағым келеді. Дәстүрлі ою-өрнектерді қолданудан бұрын замандастарыма тың туынды ұсынғым келеді», - дейді суретші. 

Әділ Әубәкіров өз сөзінде атап өткендей, түрлі-түсті бояу арқылы суретші өзінің ішкі дүниесін сыртқа шығара алады.

«Сурет салған кезде мен өткенмен диалог құрамын. Демек, ескі мәдениеттердің ошақтарын іздейтін секілдімін. Қазақстанға алғаш жазда келген едім. Екінші рет жолым міне бүгін түсіп отыр. Мұнда күн суық болғанымен, адамдардың көңілі жылылық сыйлайды», - дейді ол.

Суретші өз сөзінде туындылары Франция мен Испания елдерінде жәрмеңкелік көрмелерге қатысқанын айтады.

«Туындыларды дүниеге әкелуді мақсат тұтамын. Бірақ, жұмысым кешенді болғанын қалар едім. Ең бастысы сурет ойлы түрде салынуы керек. Ойлы сурет өз орнын табады. Шабытымды шарықтату үшін мотоциклмен даланы кезетін әдетім бар. Кең көсілген кермиық далада желмен жарысып келе жатқанда сурет деген ой болып санаңды үйіреді. Бала кезден атам дала қасиетін, мәдениетін сездіруге тырысты. Өскен шақта ғана осынау дала қасиеті маған қаншалықты әсер еткенін аңғарғандай болдым. Жоспарым - жалғастыру, Ұлы даланы мадақтауды жалғастыру», - дейді суретші. 

Елорда тұрғындарына Әділ «Тағдыр жазуы» тақырыбы бойынша суреттерін ұсынып отыр. Суретшінің айтуынша, сыртқы әлем - бұл болмыстың толықтығы емес, зерттелмеген үлкен бүтін динамикалық сұлба.

Суретшінің назарында адам, түс, сызық, сюрреализм, экспрессия, абстракция бар. Осының бәрі өзінің жарқын және эмоциялық суреттерінде сиқырлы түрде біріктіріледі. Ол өз жұмыстарын бір стильде шектеуді жөн көрмейді екен.

«ХХІ ғасырдың суретшісі Әділ Әубекіров тағдыр белгілерін жорамалды ғылымдардан емес, өз өнерінен іздейді. Сұлулық оның жүрегінде, сол сұлулықты әлемге тарату сәтін күтіп жүр суретші», - дейді көрме кураторы Ержан Ақатаев.

Астана тұрғындары мен қонақтары аталмыш көрмені 2019 жылдың 12 қаңтарына дейін тамашалай алады. Көрмеге кіру тегін.  

Фотосурет: astana.gov.kz