Ресейде жаңа электр станциялары салынады

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Жаңа энергетикалық нысандарды салу үшін Ресейдің оңтүстік өңірлері, сондай-ақ Мәскеу мен Мәскеу облысының аумағы қарастырылып отыр, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ресей Федерациясы Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жалпы қуаты 3,2 мың МВт болатын 15 жаңа генерациялық нысан салу жоспарланған. 

РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новактың жетекшілігімен өткен электр энергетикасын дамыту жөніндегі үкіметтік комиссия отырысында 2030 жылға дейінгі кезеңде электр энергиясына артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Болжам бойынша, болашақтағы сұранысты өтеу үшін өткізу қабілеті 1,5 мың МВт-қа дейін жететін тұрақты токтағы энергия көпірін салу және 1 мың МВт-тан астам жаңа генерациялық қуат көздерін іске қосу көзделіп отыр.

Сондай-ақ, энергияға деген қажеттілік алдағы жылдары тек арта түсетіні, соның ішінде сандық технологиялардың дамуының әсерінен болатындығы атап өтілді.

Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылдың қаңтарында Ресейдің қатысуымен Қазақстанда үш жаңа жылу электр орталығы (ЖЭО) — Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында салынуы тиіс еді. Алайда кейін бұл жобаларды Қазақстан өз күшімен жүзеге асыратыны белгілі болды. Қазіргі уақытта Көкшетаудағы ЖЭО құрылысы белсенді кезеңге өтті.

«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Үкіметтегі брифинг барысында Семей мен Өскемендегі ЖЭО құрылысына қатысты дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Оған қаржыландыру көздерін ұйымдастыру да кіреді.

Оның айтуынша, түрлі нұсқалар қарастырылуда — меншікті қаржы көздері де, үкіметаралық келісімдер аясында ұсынылған ресейлік қаржыландыру да. Қазір Ресей тарапымен соңғы шарттар пысықталып жатыр, ал қаржыландыру көзі жөнінде әлі түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Қаржыландыру айқындалғаннан кейін мердігерлерді таңдау жұмысы жүргізіледі. Жобаларды жүзеге асыруға ресейлік компаниялармен қатар халықаралық консорциумдар да қатысуы мүмкін.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында салынуға тиіс үш жылу-электр орталығының тағдыры не болатынын айтқан еді.