Әрине, Мәскеуде, Астраханда, Самара мен Саратовта осы сынды газеттердің жарық көретіні мәлім. Дегенмен, бұл газеттер ресми тіркеуден өтпеген еді. Алайда, өкінішке орай, бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Аталған газет қаржы мәселесіне байланысты жабылып қалды.
Әйтсе де Омбыдағы қазақ жастары бұл мәселені шешуге тырысты. Қазақ халқының әдебиетімен сусындатып, әдет-ғұрпы мен дәстүрін ұлықтауды мақсат еткен «Омбы қазақтары» қауымдастығы 2014 жылдың наурыз айында Омбы облысының аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясының қолдауымен «Омбы қазақтары» басылымын жарыққа шығарды.
«Басылымға ат қою кезінде біз көп ойландық, - деп ойымен бөлісті газеттің бас редакторы Торғын Әшенова. - Ұсыныстар әр түрлі болды, Достық, Атамекен, т.б. атаулар ұсынылды. Біз ақылдаса келе «Омбы қазақтары» деген атауға тоқтадық.
Қазір біздің басылымның 11 мыңнан астам оқырманы бар. Газетіміздің алғашқы санын арнайы ырымдап, қазақтың «Наурыз» мерекесінде таныстырдық», - дейді ол.
Торғын Әшенованың айтуынша, газет «Редакцияға хат», «Абайдың қара сөздері», «Ауылым менің», «Қазақ есімдері» сынды айдарлармен қазақ және орыс тілдерінде шығады.
«Алғашында газет 999 дана болып басылған еді. Себебі, тираж мыңнан асса ресми тіркелу керек болады. Газеттің әр саны жарық көрген сайын біз оның өлкеміздегі 100 мыңнан аса қазақ үшін өте аз екенін түсіндік. 2014 жылдың қазан айында ресми тіркеуден өтіп, тиражымызды 2 мыңға дейін көбейттік, ал қазір 3 мың данамен ай сайын жарық көруде. Біз бұл басылымда Омбыдағы қазақтардың ұлттық сана-сезімін оятып, мәдениеті мен әдебиетімен таныстыратын мақалалар жариялаймыз. Қазақстанда болып жатқан жаңалықтармен бөлісіп отырамыз. Кейбір тұрақты оқырмандарымыз, ата-әжелеріміз де осы басылым арқылы өз ой-пікірлерін ортаға салып жатады. Газетіміздің қазақтар арасында ғана емес, басқа ұлт өкілдері арасында сұранысқа ие болып отырғандығы бізді қуантады», - дейді басылымның бас редакторы.
«Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі»,- деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, шет жердегі қандастарымыздың ана тілін, ділін ұмыттырмайтын, ұлттық рухпен сусындатып отыратын осындай басылымдарымыз көп бола берсін деп тілейік.
Гүлден Оспанова