Ресейде ЖИ-ді қолдану ережелері әзірленеді

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресейде жасанды интеллект (ЖИ) жүйелерімен өзара әрекеттесу ережелерінің тізбесі әзірленеді. Бұл Ресей үкіметі бекіткен азаматтардың цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру тұжырымдамасынан белгілі болды, деп хабарлайды агенттік тілшісі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.

Фото: Энергетика министрлігі

Құжат азаматтардың цифрлық технологияларды күнделікті және кәсіби қызметте қауіпсіз әрі тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Құжатта тұжырымдама мақсаттарына қол жеткізу үшін бірқатар міндетті шешу қажет екені айтылған. Олардың қатарында ЖИ жүйелерімен өзара әрекеттесу жөніндегі арнайы ережелер тізбесін әзірлеу бар.

Атап айтқанда, ережелер контентті дипфейк белгілерінің бар-жоғына тексеру әдістерін, сондай-ақ биометриялық және басқа да дербес деректерді машиналық оқыту алгоритмдеріне беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту шараларын қамтиды.
Бұған дейін Қытайда ЖИ-ді теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілік енгізілгені туралы жазған болатынбыз.

Қытай алғаш рет ЖИ саласындағы сот дауларын қарау ережелерін бекітті.