Ресейде жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Брянск облысында үстінде жүк көлігі келе жатқан көпір опырылып құлап, астында өтіп бара жатқан пойыз вагонына түсті. 7 адам қаза тауып, 30-дан аса адам зардап шекті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Апаттық жағдайдан кейін жолаушылар пойызы рельстен шығып кеткен.
Брянск облысының губернаторы Александр Богомаз А-240 федералды тас жолының бір учаскесінің ауданында жеңіл көліктер мен жолаушылар пойызының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғанын хабарлады. Пойызда 388 жолаушы болған.
Барлығы 71 адам зардап шекті, оның 27-сіне медициналық көмек көрсетілді. 7 адам қайтыс болды, 3 адамның жағдайы ауыр.
Апат болған жерде төтенше жағдайлар қызметі мен мемлекеттік органдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Матай стансасындағы теміржол өткелінде көлік пойызбен соқтығысқанын жазған едік.