Ресейде жүк көлігі мен автобус соқтығысып, 7 адам көз жұмды

КАЛИНИНГРАД ОБЛЫСЫ. ТАСС-ҚазАқпарат - Ресейдің Калининград облысында жүк көлігі мен автобус соқтығысып, жеті адам мерт болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Калининград облысы төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Алексей Жуковтың айтуынша, апаттан 14 адам зардап шеккен.

Облыстық тергеу басқармасының мәліметінше, қаза тапқандардың ішінде кішкентай бала және екі көліктің жүргізушісі бар. Соңғы мәлімет бойынша, автобуспен қақтығысқан жүк көлігі құм әкеле жатқан. Тергеу басқармасы аталған жайт негізінде тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Калининград облысының прокуратурасы да осы оқиғаға байланысты тексеруді бастап кеткен.