Ресейдегі пастереллез: Қазақстанда барлық мал вакциналанады

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейде пастереллез ауруының тарауына байланысты Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық қорғауды күшейтті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтып берді.

Фото: Kazinform

— Өткен аптада ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі бойынша тиісті препараттарды шұғыл түрде сатып алу туралы қаулыға дауыс бердік және барлық мал толығымен вакциналанады. Әсіресе шекара маңындағы елді мекендерде ветеринарлық қорғау күшейтілді. Сондықтан қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселе бойынша өте белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, — деп жауап берді Қ. Бозымбаев Үкімет үйінде өткен брифингте.

Спикердің айтуынша, әзірге Қазақстанда елеулі фактілер анықталған жоқ.

Айта кетейік, Ресейдің бірқатар өңірінде пастереллез тарап, эпизоотиялық жағдай нашарлап жатыр. Осы орайда Қазақстан ветеринарлық қадағалау шараларын күшейтті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті көрші елден тірі малды тасымалдауға, сондай-ақ термиялық өңдеуден өтпеген ет өнімдерін, жемді әкелуге және транзиттеуге уақытша шектеулерді біртіндеп енгізді.