Ресейдегі ахуал Қазақстанға инвестиция тартуға қосымша мүмкіндік туындатты- СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл аяғына дейін 50-ден астам жоба шетелдік инвестицияның есебінен қолға алынады. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Астанада өтіп жатқан инвестициялық форум кулуарында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз елге сырттан инвестиция тарту үшін жыл сайын 1,5 жаңа компаниямен жұмыс жүргіземіз. Олардың ішінде ұсыныстарымызға қызығушылық бірдіргендер 200-дей болды. Осы 200 компанияның ішінен облыстарға келіп, ақша салуға ынта білдіргендері 40-50-ге жақындайды. Бұл – күнделікті жұмыс, сондықтан тоқтамайды. Менің ойымша, осы жылдың өзінде шамамен 25-27 млрд долларға жуық инвестиция тартылады. Яғни, жылдың аяғына 50-60-тай жаңа жоба қолға алынады», - деді вице-министр.

Алмас Айдаровтың сөзіне қарағанда, Ресейдегі ахуал Қазақстанға инвестиция тартуға қосымша мүмкіндік туғызуда.

«Қазір инвесторлардың географиясы құбылып тұр. Бұрын ресейліктер көп болатын. Ресей Федерациясына салынған санкцияларға байланысты бұрын нарығы шағын болғандықтан Қазақстанды таңдай алмаған көптеген компаниялар Еуразия аумағындағы қызметін сақтап қалу үшін бізге бағытталуға мәжбүр. Немесе қазақстандық зауыттардың қуатын ұлғайтуға ақша салуға ниеттілер бар. Мұндай кездегі біздің міндетіміз осы аумақтағы «тұрақтылық аралы» болып қала алғанымызды көрсету. Елдің іші мен сыртындағы жағдайлар, Президент айтқан жаңашылдықтар мен реформалар инвестициялық климатқа ешқандай кері әсер етпейтінін көрсетуіміз керек», - деді СІМ өкілі.