Ресейдегі қазақ батырлары
Осыдан кейін жоғарыдағыдай ұмтылыс қазақ баспасөзінде қайта байқала қоймады. Ал егер сол үрдіс жалғасын тауып, өз арнасын кеңейткен жағдайда жазылатын да, табылатын да тың тақырыптар көп еді. Неге десеңіз, Ұлы Отан соғысында Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Астрахань, Орынбор, Омбы, Новосібір облыстарында жасақталған әскери құрамаларда біздің қандастарымыз мол болған. Бұған 1942 жылы РСФСР-дің Оңтүстік Урал өңірінде құрылған 190-шы дивизия командирі генерал-майор П.А.Артемьевтің: «Мұндағы жауынгерлік құрамның 80 пайызы қазақтар еді», - деген бір сөзінің өзі анық дәлел.
Өкінішке қарай, осыдан 74 жыл бұрынғы қан-қасап соғысқа Ресей жерінен аттанған сол ата-әкелеріміздің өмірін біз білмейміз. Тағдырларынан хабарсызбыз. Ерліктерінен естелік жоқ. Олай болса, жақындап келе жатқан Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында неге осы іске кіріспеске? 60-шы жылдардағы қаламгер ағаларымыз секілді неге жоғарыдағы айтылған жерлерге барып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізбеске? Осындай оймен, құрметті оқырман, таяуда біз көрші елдің өз жерімізбен шектесетін өңірлеріне сапарға шыққан едік. Алғашқы әңгіме Ұлы Отан соғысына Ресейдің Омбы облысынан аттанған қазақтар туралы болмақ.
Есіл ерлер-ай!..
Омбы қаласына келіп, «Сібір» қонақүйіне орналасқаннан кейін: «Жұмысты А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханаға кіруден бастағаныңыз жөн шығар», - деп ақыл-кеңес берді бізге мұндағы «Мөлдір» қазақ мәдени қоғамының директоры Алтынай Жүнісова. - «Себебі, сіздің осындай дүниелер қажет-ау деп әнеу күні электронды поштамен жіберген тізіміңіздегі анықтама кітаптарыңыздың бәріне тапсырыс беріп қойғанбыз. Уақыт өткізбей соларды бір қарап шығыңыз. Қалғанын кейін көре жатармыз».
Содан көп уақыт өтпей біз Алтынай айтқан кітапхананың үшінші қабатындағы оқу залында отырдық. Тапсырыс бергендеріміздің ішіндегі алғашқы қолға алып көруге тиіс дүниеміз «Омская правда» газетінің 1941-1945 жылдардағы тігіндісі болатын. Содан кейінгі ойға алған кітабымыз Омбы облыстық соғыс ардагерлері кеңесінің бастамасымен 1995-2010 жылдар аралығында жарық көрген 7 томдық «Солдаты Победы» жинағы еді. Соларға қол соза бергенімізде, көзімізге «Омский казахский краеведческий справочник» деген шағын кітапша түсті. Жинақ 2001 жылы осы қаладағы «Полиграфический центр» жеке кәсіпорнынан жарық көріпті. Авторы Игілік Тұрсынов деген қандасымыз екен. Мұқабаның ішкі бетіндегі тіркеу нөмірі соғылған кітапхана мөрі жанында анықтамалық иесінің: «Моей любимой библиотеке. Июль. 2005 г.» деген қолтаңбасы тұр. «Өзі қазақтар, оның ішінде осы өңірдегі белгілі қандастарымыз туралы болса, неге оқып, танысып көрмеске? Мүмкін осы жерден Ұлы Отан соғысына қатысқан ата-әкелеріміз туралы деректер кездесіп қалар?» - деген оймен жинақты қолға алып қарай бастадық.
Міне, қызық! «Бір жоқты бір жоқ іздеп табады» дегендей, Игілік Тұрсыновтың біз сөз етіп отырған анықтамалығынан көптеген Ұлы Отан соғысына қатысушылардың қысқаша өмірбаяны шыға келді. Авторға рахметімізді айта отырып, оқырмандарға солардың ішіндегі ең атақтыларын таныстыруға көшейік.
Алғашқы әңгімені өзінің жанқиярлық ерлігімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған ұшқыш-радист Төлеу Сәрсенбаевтан бастайық. Ол 1921 жылы Омбы өңіріндегі Нововоршавский ауданының Қараман ауылында туған. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Иркутск қаласындағы ұшқыштар училищесінде оқып, 1942 жылы майданға жіберіледі. Кеңес Одағының Батыры М.М.Воронковтың авиаэскадрильясында қызмет еткен қандасымыз ауылда қалған Қайролла деген інісіне: «Өртенген ұшақты жерге қондырып, әрең дегенде аман қалдық», деп бір рет хат жазыпты. 1943 жылғы кезекті әскери тапсырманы орындау үшін әуеге көтерілгенде, ұшқыш-радист Төлеу Сәрсенбаев мінген ПЕ-2 ұшағы экипажы құрамында ұшқыш Р.Степанян, штурман М.Вихрь деген серіктері болған екен. Олар Украинаның «Брянск-Навля-хутор Михайловск» бағытындағы теміржол телімін барлап қайтуға тиіс еді. Ойда жоқта неміс истребительдеріне тап болады да әуе шайқасы басталады. Радист Төлеудің аспандағы сол сұрапылдан жерге жіберген соңғы хабары: «Эшелон үстіне құлауға қарай бет алдық», болыпты.
Анықтамалықтағы бұдан кейін назар аударған адамдарымыз Лұғат Сағындықов пен Дүйсеке Мүсетов деген қандастарымыз еді. Бұлардың екеуі де Ұлы Отан соғысына қатысқан жандар. Майдан даласындағы от кешуден оралған соң Лұғат ағамыз Омбы облысының Нововоршавский ауданындағы «Черлакский кеңшарында шопан болып еңбек етеді де Дүйсекең Любинский ауданындағы «Северолюбинский» кеңшарында диқаншылықпен айналысады. Айтайын дегеніміз, кешегі майдангер екеуінің бертінгі бейбіт өмірде бағы жанып, Ресейдегі санаулы қазақтар арасында Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа алғашқылардың бірі болып қол жеткізгендігі. Бұған Дүйсеке Мүсетовтің 1950 жылы өз бригадасындағы 1627 гектар егіндік алқаптың әр гектарынан 22,6 центнерден өнім алуы мен шопан Лұғат Сағындықовтың 1972 жылы әр 100 қойдан 140тан қозы өргізген ерен еңбегі негіз болады.
Жинақтағы тағы да сөз етуге тұратын тұлғалар деп майдандағы төрт жылғы жорықта Даңқ орденінің толық иегері атанып қайтқан Әлмұқ Майемеров пен 1945 жылғы Жеңіс парадына қатысқан Құсайын Сәрсеновті айтуға болады. Алдымен Әлмұқ ағамызға қатысты деректерге тоқталайық. Ол 1922 жылы Омбы облысының Шарбақкөл ауданында өмірге келген. 1932-1934 жылдары ата-анасы балаларын мектепте оқыту үшін көрші аудандағы «Борисовский» кеңшарына көшіп барады да Ебейті көлі маңында тұрып қалады. 1941 жылы соғыс басталғанда 19 жастағы Әлмұқ Майемеров сол жерден, яғни, Москаленко ауданындағы Жаңауыл елді мекенінен майданға аттанады. 1942-1943 жылдары 54-ші армияның құрамындағы генерал И.Федюнинскийдің әскері сапында Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысады. Волхов қаласы үшін болған қырғындағы асқан ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ орденін иеленеді. Арада бір жыл өткенде жоғарыдағы марапаттың ІІ дәрежесін де алады. Оған бұл награда 1944 жылы Рига аумағындағы батыл да тапқыр іс-әрекетіне байланысты берілген еді. Түсіндіріп айтсақ, Латвия астанасы іргесінде ол жаудың оқ нөсерін төгіп тұрған екі дзоты мен үш зеңбірегін дәл көздеп жойып жібереді. Осынысы үшін оны өзі қызмет ететін 20-шы полктың мерген минометшісі деп атаған. Содан арада жыл өткен соң Германияның Ауст қаласына кіреберісте зеңбірекпен жау колоннасын талқандаған ерлігіне байланысты Әлмұқ Майемеров І дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. 1945 жылы әскерден босап, елге қайтады.
Ал Жеңіс парадына қатысқан майдангер Құсайын Сәрсеновке келсек, бұл кісі 1922 жылы Ресейдің өзіміз сөз етіп отырған өңіріндегі Шарбақкөл ауданында өмірге келген екен. 1940 жылы Омбы қазақ педагогикалық техникумында білім алып, Шахат ауылындағы бастауыш мектептің мұғалімі болады. 1941 жылы майданға аттанып, Ленинград бағытындағы барлаушы-саперлер ротасында қызмет атқарады. 1942 жылы бір тәулікте 50 минаны тауып, залалсыздандырған ерлігіне байланысты оған ІІІ дәрежелі Даңқ ордені беріледі. Осы марапаттың келесі сатысына ол арада үш жыл өткен соң қол жеткізеді. Атап айтқанда, ІІ дәрежелі Даңқ ордені Құсайын Сәрсеновке Кенигсберг іргесіндегі орман ішіндегі жаудың тұтқиылдан шабуыл жасауға бейімделген ерекше құрамының жасырылып қойылған 30 зеңбірегі бар тобын дәл тауып, картаға бұлжытпай түсіріп әкелгені үшін берілген болатын. Осындай еңбегіне байланысты «Үздік барлаушы», «Озат сапер» айрықша белгілерінің иесі атанған ол 1945 жылғы Жеңіс парадына қатысады. Милитаристік Жапонияның Қиыр Шығыстағы Квантун армиясын талқандауға үлес қосып, аман-есен елге оралады.
Осы деректерді тауып, танысқан соң кешке жақын қонақүйге Омбы облыстық үкіметіндегі Ішкі саясат басқармасының бас маманы Нұрбол Әлжановты шақырып, әңгімелесуге отырдық. Мақсат - жоғарыдағы аттары аталған майдангер ағаларымыздың соғыстан кейінгі өміріне қатысты мағлұматтарды жиыстыру мен бала-шағаларының қайда тұратындығын, туған-туыстарының кім екендігін білу. Сол арқылы қолға алған тақырыпқа қатысты құжаттарды мысқалдап отырып молайту.
- Қазір қыс. Мұндай кезде Омбыдан алыстағы аудандарға шығуға болмайды - деді Нұрбол. - Себебі, біздегі елді мекендердің арасы бір-бірінен өте алыс. 120-200 шақырымдық ауылдарды жалғастыратын жолдардағы қар қалың. Оған кенеттен соғатын жаяу бұрқасынды қосыңыз. Сондықтан сіз іздеген майдангерлерге қатысты мағлұмат-деректерді сыртқа шығып уақыт өткізбей, өзімізше, жергілікті билік орындарындағы қызметкерлердің көмегіне сүйене отырып жинауға әрекет жасайық. Менің телефон қоңырауымды күтіңіз. Ертең түске таман хабарласамын.
Айтқанындай, ол келесі күні біздің алдымызға көптеген мәліметтерді әкеліп жайып салды. Солардың ішінен алдымен кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған ұшқыш-радист Төлеу Сәрсенбаев туралы айтайық. Нұрболдың сөзіне қарағанда, ол өмірге келген Нововоршавский ауданының Қараман ауылында марқұмның туғантуыстарынан ешкім қалмаған. Інісі, мұғалім Қайролла Құстанбеков ертеректе Қазақстанға қоныс аударып, қазір Павлодар облысында тұратын болып шықты. Білетіндер осыны айтып, қарт ұстаздың ұшқыш ағасы туралы 2005 жылғы 28 қыркүйекте Екібастұз қалалық газетіне естелік жазғанын айтыпты. Мұндағы бір назар аударарлық нәрсе, сол мақаламен бірге Төлеу Сәрсенбаевтың фотосы қоса жарияланған екен.
Мына хабарды естігенде жүрегіміз лүп ете түсті. Дереу «Егемен Қазақстанның» Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида Бықаймен сөйлесуге шықтық. Қызметкеріміз өз кезегінде «Екібастұз дауысы ақпараттық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айнұр Мейрамовамен тілдестірді. Соның нәтижесінде біздің ноутбугымыздың монитор экранынан көп кешікпей Қайролла Құстанбековтің өзіміз сұратқан мақаласының сканерленген нұсқасы жарқ ете түсті. Әп дегендегі байқағанымыз, материалдағы сурет бұлыңғыр кейіпте екен. Онда пилоткасын бір шекесіне қисайтып киген әскери киімді жас қазақ жігітінің бейнесі бозамықтанып көрінеді. «Редакция секретариатындағы дизайнер-көркемдеуші ретуш жасамаса болмайды-ау...», - дедік іштей. Сонда ғана оны оқырмандарға ұсынуға жарап қалатын сияқты.
Осыдан кейін барып сканерленген мақала мәтінін оқуға ден қойдық. «Жалындап өткен бір бейне» естелігінде Қайролла Құстанбеков 1939 жылы өзінің 12 жаста болғаны, сонда ағасын Отан алдындағы әскери борышын өтеуге бүкіл ауыл шығарып салғаны есінде мықтап сақталып қалғаны туралы айтады. Содан соң Төлеу Сәрсенбаевтың 1941 жылғы соғыс басталғаннан кейінгі майдан жолдарын баяндайды. Осы арада: «Мақаладағы бізге керек, қажет жер қайсы?» - деген сауалға жауап іздер болсақ, оған мына төмендегі үзіндіні келтірген дұрыс-ау деп ойлаймыз.
«Мен ағамнан 1943 жылдың шілде айына дейін хат алып тұрдым, - деп жазады автор. - Бірақ көп кешікпей сол ағайдың әскери бөлімінен: «Ерлікпен қаза тапты», - деген қара қағаз келді. Қай жерде, қандай жағдайда көз жұмғанынан ешбір хабарымыз болған жоқ. Тек өзінің жіберген фотосуреттеріне қарайтынбыз да қоятынбыз.
Арада көп жылдар өтті. Бірде менің қолыма «Ради жизни на земле» деген кітап түсті. 1969 жылы Алматыдан шыққан сол ұжымдық жинақта аға лейтенант А.Изотов деген кісінің «Побратимы» атты мақаласы бар екен. Оны оқығанда өзімнің не болғанымды білмей қалдым. Материалдағы суретке қараймын. Қараймын да қайта оқимын. «Қайран аға! Отан үшін, елің үшін, біздің бақытымыз үшін ерлікпен қаза тапқан екенсің ғой», - деп жүрегім елжіреп, көзіме жас келді. А.Изотовтың жазуына қарағанда, ПЕ-2 ұшағының ішіндегі ұшқыш Рубен Степанян - армян жігіті, атқыш Михаил Вихрь - украин азаматы және радист Төлеу Сәрсенбаев - қазақ ұланы делініпті. Олар ерлік қимылдары үшін әлденеше рет авиаэскадрильядағы «Боевой листок» газетіне шыққан екен. Ал ағам Төлеу Сәрсенбаев «За отвагу» медалімен марапатталыпты.
«Побратимы» мақаласының авторы ішінде ағам бар экипаждың соңғы әуе шайқасындағы эпизодты былай баяндаған. Жердегі бөлімшеге әуедегі ПЕ-2-ден радистің қысқа да ашық дауыспен айтқан сөзі естіледі. Олар: «Бізді «мессерлер» атқылады», «Жанып барамыз...». Бір-екі минуттан кейін: «Эшелон үстіне құлауға қарай бет алдық!..» деген сөйлемдер екен. Мақала иесі өз туындысында осы деректермен бірге жанған ұшақты Михайловское хуторының адамдары мен Брянск орманындағы партизандардың көргенін, экипаж мүшелерінің жанкешті әрекеті арқылы неміс эшелонының қирап, теміржол жүрісін бөгеп тастағанын айтады. Авиаполк басшылығының оларды Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынғанын сөз етеді. Осы кітапты оқығаннан кейін алматылық А.Изотовпен кездесіп, әңгімелескім-ақ келді. Бірақ ешбір байланыс жасай алмадым. Бүгінгі күнге дейінгі үлкен өкінішім осы...».
Мақаланы оқып болып ойланып отырғанымызда Айнұр Мейрамова қарындасымыз қоңырау шалды. «Қайролла Құстанбековтің материалын тауып, сіздің электронды поштаңызға салғаннан кейін, - деді әріптесіміз, - біз ол кісінің өзін іздеуге кірістік. Себебі, ақсақал 2005 жылы біздің газет редакциясына келгенде қызметкерлерге ішінде майдандағы ағасының суреттері бар фотоальбом мен «Ради жизни на земле» кітабын және басқа да құжаттарды көрсеткен екен. Бірақ іздеген адамымыз Екібастұзда тұрмайтын болып шықты. Көршілері айтады, 2008 жылдан бастап жалғызілікті қарияны жамағайындары Павлодарға бағып-қағуға алып кеткен деп. Осыдан басқа ешкім ештеңе білмейді. Дегенмен, іздестірудеміз».
«Кім біледі? - дедік ішімізден жоғарыдағы хабарды естігенде. - Ол адамның табылуы да, табылмауы да неғайбыл-ау. Өйткені, қарияның өз мақаласында: «1939 жылы 12 жаста едім», - деп жазғанына қарағанда, егер қазір бар болса, 88-дегі бір ғаріп. Қолындағы құжаттарын көзіқарақты, жібі түзу жанның қолына аманаттап беріп кетсе, шіркін...».
Енді Нұрбол Әлжановтың Ұлы Отан соғысының от-жалынынан аман келіп, бейбіт кезде Социалистік Еңбек Ері атағын алған Лұғат Сағындықов пен Дүйсеке Мүсетов өмірлерінің соңғы кездеріне байланысты тапқан деректеріне кезек берелік. Лұғат ағамыз 1984 жылы зейнетке шығыпты. 3 ұл, 8 қыздың әкесі атанып, үлкен әулет құрапты. Ол кісіден өрбіген үбірлі-шүбірлі ұрпақтардың дені ақсақалдың өзі шопан болып еңбек еткен Нововоршавский ауданында тұрады екен. Ал Дүйсеке Мүсетовке келсек, 1958 жылы Омбы өңірінен Қазақстанға көшеді. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе кеңшарына келіп орнығады. Осы жерде 1982 жылы бақилыққа аттанады. Дүйсекеңнен 2 ұл, 2 қыз қалған екен. Үлкен ер баласы ертеректе Қырымда өмірден озады да қалған ұлы мен қыздары Ресейдің Новосібір өлкесінде еңбек етеді екен. Отағасының бәйбішесі ерінің шаңырағын осы бертінге дейін ұстап келіп, 2012 жылы сол Көктөбе, қазіргі Төлеби-3 ауылында дүние салыпты.
Қо-о-ш, енді Омбы өңіріндегі тағы бір атақты қандасымыз, өзіміз мақаламыздың басында атап кеткен Даңқ орденінің толық иегері Әлмұқ Майемеровке оралайық. Бұл кісінің соңғы кездердегі өміріне қатысты деректерді «Мөлдір» қазақ мәдени қоғамдық ұйымының директоры Алтынай Жүнісова анықтап берді. Оның айтуынша, Әлекең соғыстан кейінгі бар тіршілігін тек ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға арнапты. Диқан-механизатор болған. Слесарь мамандығын игеріп, ұсталықпен шұғылданған. 1983 жылы зейнетке шыққаннан кейін де кеңшардың науқандық жұмысынан қалмаған. Ауылдастарының есінде Әлмұқ ағамыз өте қарапайым да елгезек, ақкөңіл әрі жомарт жан ретінде сақталып қалған. 1986 жылы қайтыс болғаннан соң 4 жылдан кейін, яғни Жеңістің 45 жылдығы қарсаңында кеңшар тұрғындары қайсар да қаһарман қазақ жерлесіне арнап өзі тұрып, еңбек еткен Жаңауылдың Мәдениет үйі қабырғасына мемориалдық тақта орнатыпты. Үлкен бір көшенің атын беріпті. Ал, 2005 жылғы Жеңістің 60 жылдығынан бері осы елді мекендегі орта мектеп Даңқ орденінің толық иегері Әлмұқ Майемеровтің есімімен аталады екен.
«Бұл кісіге қатысты тағы не бар?» деп қолдағы деректерге қайта үңілдік. Байқап, байыптап қарасақ Әлекең де балалы-шағалы болып шықты. Үлкен ұлы Жүсіп Жаңауылға көрші Новоцарицыно селосында әртүрлі жұмыстар істепті. Зейнетке шыққан соң дүние салған. Қалған ұл-қыздары: Нұрия - медбике, Жәния - сауыншы, Мұрат - механизатор, Әміржан - фермер, Қайрат пен Болат - жұмысшы, Бауыржан - механизатор болып еңбек етеді екен.
Ендігі анықтайтын ең соңғы адамымыз ол осы мақаланың басында өзіміз аз-кем сөз етіп кеткен Жеңіс парадына қатысушы қазақ Құсайын Сәрсеновтің Ұлы Отан соғысынан кейінгі тағдыры болатын. Біраз уақыт жүргізілген іздеу жұмыстарынан кейін Омбыдағы «Шоқан жолы» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары, Ресей Федерациясына еңбегі сіңген сәулетші Сәкен Құсайынов майдангердің туған баласы Мараттың осы қалада тұратынын, бұл кісінің бізбен кездесіп, әңгімелесуге қарсы еместігін айтты.
- Германияны жеңгеннен соң, - деп бастады алғашқы аман-саулық пен таныс-білістіктен кейінгі сөзін үй иесі, - әкеміз Жеңіс парадына қатысады да әскери бөліміне қайтып оралады. Енді елге жібереді деп жүргенде командирлері Қиыр Шығысқа, милитаристік Жапонияға қарсы соғысқа аттанатындықтарын хабарлайды. 1945 жылғы тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында Квантун армиясын түре қуған кеңес әскерлері Гоби мен Хинганды басып өтіп, Харбин арқылы Тынық мұхит жағалауына жетеді. Ол кез 16 қыркүйек екен. Міне, сол күні Бас қолбасшы И.В.Сталиннен: «Педагог мамандығы бар жауынгерлер әскер қатарынан шұғыл босатылып, елдегі мектептерге мұғалімдікке жіберілсін», деген бұйрық келеді. Осы пәрмен талабына соғыстың алдында Омбыдағы қазақ педагогикалық техникумын бітірген әкеміздің мамандығы дөп келеді де әскерден босап, Шарбақкөл ауданының Құдықшілік ауылындағы жетіжылдық мектепке оралады.
- Онда ол кісі қанша уақытқа дейін істеген?
- Өмір бойы... Иә, солай десе де болады. Мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры. Тек аз ғана уақыт көрші Екатеринослав кеңшарында партком хатшысы болғаны бар. Сосын 1982 жылы зейнет демалысына шығып, 1987 жылға дейін мектептегі бастауыш сынып оқушыларының ұзартылған тобына қосымша сабақ беріп жүрді.
- Ағамыз қашан қайтыс болды? Зираты қай жерде? Ұлы Отан соғысында алған наградалары... Құжаттары... Көруге бола ма?
- Ол кісі 1997 жылы өмірден озды. Ұрпақтарынан 2 қыз, 2 ұл едік. Кенжесі - менмін. Ақ жауып, арулап қойдық. Зираты сол Құдықшілік ауылындағы қорымда.
Осылай деген Марат төргі үйден кішкене қобдиды әкеліп алдымызға қойды. Мұнда майдангер Құсайын Сәрсеновке қатысты дүниелер жинақталып қойылған екен. Көріп отырмыз. Наградалар дегенде бұл кісіде мақаламыздың басында айтқан ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ орденінен басқа «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі Отан соғысы ордендері бар болып шықты. Содан соң қобдидың шеткі жағында «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдары жылтырап көрінді. Ал, фотосуреттер мен газет қиындылары тура бір папка екен. Солардың ішінен біз Шарбақкөл аудандық «Ленинец» газетінің 1985 және 1995 жылдардағы 9 мамыр нөмірлеріндегі тілші Л.Логинованың «Участник парада Победы», «Ошибка означала - смерть» деген екі мақаласын зор ынтамен оқып шықтық. Қажетті жерін алдағы уақытта керек болар деп ерінбей отырып көшіріп те алдық. Себебі, мұнда бәрі нақты-нақты фактілермен айтылып, әсерлі жазылған екен.
...Кеш. Ымырт үйіріліп келеді. Жолбасшым Сәкен екеуміз Омбының арғы өзен жағалауынан қаланың бергі бетіне қарай өтіп келеміз. Серігім әлденеге мазасызданулы. Қалта телефонымен алдағы өтетін сурет көрмесіне байланысты алаңдап, соған жауапты адамдарға түрлі тапсырмалар беруде. Үнсіз келе жатқан біздің де ойымыз орнында емес. Ол: «Ертеңгі күнгі жұмысымыз қалай болады? Іздеген дүниелерімізді облыстық кітапхананың сирек қорынан табамыз ба, жоқ па?» деген мазасыздық. Осындай екіұдай күйдегі арпалыс сезімімен «Сібір» қонақ үйіне де келіп жеттік.
2.Қатардағы қаһармандар
Ертесінде облыстық кітапханаға келіп, Ұлы Отан соғысына Омбы өңірінен аттанған қазақтарды іздеу жұмысын одан әрі жалғастырдық. Сирек қорға бұл жолғы тапсырыс берген дүниелеріміз Омбы облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі шығарған «Солдаты Победы», «Книга Памяти» жинақтары мен «Омская правда» газетінің 1941-1945 жылдардағы тігінділері болды. Мұқабасы қызыл түсті алғашқы еңбек үлкен-үлкен 7 томнан тұрады екен. Бұларға майдан даласынан аман келген Отан солдаттары өз аудандары бойынша орналастырылыпты. Ал түсі қара екінші жинақ 11 томды құрап тұр. Оған 1418 күн мен түнге созылған от кешуде опат болған боздақтардың аты-жөндері тізілген.
Алдымен «Солдаты Победы» көптомдығын қолға алдық. Кітаптың құрылымы алфавиттік тізімнен, фотосуреттерден, сосын майдангерлер туралы мақалалар мен естеліктерден тұрады екен. 7 томның ішінен күні бойы отырып тапқанымыз 3200-ге жуық қазақ фамилиясы мен олардың кейбіреулері туралы жазылған 14 мақала және 28 фотосурет болды. Ал «Книга Памяти» жинағының 11 томында кілең қаза тапқан кісілердің аты-жөндері тізілген. Оны парақтап шолып көргенімізбен, қайтыс болған әке-ағаларымызды санап, есебін шығаруға жүрегіміз дауаламады.
Алғашқы кітапты асықпай қарап отырмыз. Олардағы майданнан тірі оралған ағаларымыздың тізімдері арасындағы шағын түсініктемелер мен анықтамалықтарда нендей ерлік түрлері, нендей тағдыр иелері жоқ десеңізші. Бәрі бар. Батыр атағын алмаса да 5 жауынгерлік ордені бар қазақ, 20 күн аштыққа шыдап, әскери бөліміне келіп қосылған қазақ, тұтқынға түсіп қашып шықса да НКВД-нің қатыгез шешімімен Колымаға айдалған қазақ. Ерлік көрсеткендерге өте сирек берілетін марапат - Александр Невский орденін иеленген қазақ... Айта берсе толып жатыр. Сөзіміз құрғақ болмас үшін енді біз өзіміз сөз етіп отырған жинақтағы жауынгер қандастарымыз туралы жазылған шағын мақалаларды мысалға келтірелік.
«Ахмет Әлқайдаров алдымен 5-ші атты әскер полкы құрамында Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысып, Калинин қаласын азат етуге атсалысқан, - деп жазыпты «Солдаты Победы» кітабының 5-ші томындағы материалда. - Бірде кезекті шабуыл сәтсіздікке ұшырап, кавалеристер қарсыластарының пулеметі оғының астында қалады. Үлкен шығынға ұшырайды. Сонда Ахмет Уақұлының аты омақаса құлап, өзі қатты жараланады. Жауынгерді санбатта емдеген соң 108-ші атқыштар полкына жібереді. Ол мұнда 1942 жылдың мамырына дейін барлаушы болып қызмет етеді. Бұдан соң майданның бұралаң өмірі Ахмет Уақұлын 69-шы атқыштар полкының көлік жүргізушісі етеді. Витебск түбіндегі жан алып, жан берісіп жатқан шайқаста алғы шептегі әскерлерге оқ-дәрі мен азық-түлікті тоқтаусыз тасып, мұнымен қоса жараланғандарды қауіпсіз жерге жеткізіп, көзсіз ерлік көрсеткені үшін қатардағы жауынгер ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Одан соң Ахмет Әлқайдаровтың ұқыптылығы мен тындырылымдылығы ескеріліп, оған сержант атағы беріледі де барлау бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. Әскери тапсырмаларды орындау кезінде ол өз жігіттерімен талай ерліктер көрсетеді. Сондай батыл әрекеттері ескеріліп, Витебск өңіріндегі шайқаста көрсеткен ерліктеріне байланысты ол ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. Содан біраз уақыт өткеннен кейін Белоруссиядағы Погребенка және Шиловка селоларын жаудан азат етуге қатысқан және кеңес әскерлеріне аса қажет №1700-ші биіктікті бағындырған ерлігіне орай аға сержант Ахмет Әлқайдаров І дәрежелі Отан соғысы орденіне ие болады.
1945 жылдың 26 қаңтарында Қызыл Армия бөлімдері Кенигсберг қаласын алу жөніндегі шабуылға дайындалады. Осы шайқасқа 65-ші атқыштар корпусының жасағы құрамындағы аға сержант Ахмет Уақұлы басқаратын бөлімшенің барлаушылары да қатысады. Шабуыл кезінде ол өзін барынша білікті де алғыр қабілет иесі ретінде көрсете біледі. Оған ержүрек қазақтың содан көп кешікпей Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталуы анық дәлел бола алады.
Ахмет Уақұлы фашистік Германия жеңіліп, тізе бүккеннен кейін 1945 жылғы тамызда Қиыр Шығыстағы Жапонияның Квантун армиясымен болған ұрыста да батырлығымен танылады. Ондағы жанқиярлық ерлігі үшін оған екінші мәрте Қызыл Жұлдыз ордені беріледі. Әскер қатарынан босарда оны тағы бір награда іздеп келіп табады. Сөйтсе ол 1944 жылғы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін берілген ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені екен. Осылайша қайсар қазақ Омбы өңіріндегі өзі туған Таврия ауданына 5 бірдей жауынгерлік орденмен оралады. Ол елге келген соң да өзінің ұстамды, биязы және еңбектегі табанды қасиетімен айрықшаланып, құрметке бөленеді. Екі ұл, екі қыз өсіріп тәрбиелейді. Сөйтіп, ол балалары үшін, ауылдастары үшін үлгілі әке, абыройы биік ел ағасы болды».
...Осы арада мынадай жағдайды баяндай кетелік. Түс қайта кітапханаға бізді іздеп Омбы үкіметінің жауапты қызметкері Нұрбол Әлжанов келді. Ол алдымызда жатқан жинақтағы Ахмет Әлқайдаров туралы жазылған «Жауынгерлік 5 орденнің иесі» атты мақаланың ксероға түсірілген нұсқасын көріп тұрып, қатты ойға кетті. Бір мезетте: «Осындай нәрсені өз кезінде білсек, ескерсек қой. «Жазып, жинастырып жүріңдер», - деген де ешкім болмады-ау... Енді, міне, қарашы» - деп күрсінді. «Не болды? Олай деуіңізге не себеп?» - деп сұрадық ештеңеге түсінбеген біз. «Осыдан біраз жыл бұрын, - деді Нұрбол, - біз ауылымыздағы 8 жауынгерлік ордені бар ағайды жерлеген едік. Ол кезде мен кеңшар директоры болатынмын. Марқұмның аты-жөнін ұмытып тұрғанымды қараңызшы... Есіме түсіремін. Түсіруге тиіспін. Сол кезде сізге міндетті түрде хабарласамын. Жарай ма?». «8 ордені болған дейсіз бе? Значок, медаль емес... 8 жауынгерлік орден! Керемет қой бұл?! - дедік әңгіме иесіне. - Қазақ па еді өзі?» «Иә, қазақ. Содан соң ғой айтып тұрғаным».
Міне, мұнда, Омбы өңірінде осындай марқасқа ағаларымыз болған. Ерлік жасадым, осындай марапаттардың иесімін демей, қарапайым тірлікпен ғұмыр кешкен. Сөйтіп аспай-таспай, бәріне де шүкір, тәубе деп үндемей өмірден өткен.
Жә-ә... Енді басқа бір тағдыр иесі туралы тапқан дерегімізді баяндайық. Сөз етіп отырған жинақтың 6-шы томындағы қатардағы жауынгер Тоқжігіт Сейсенбаевтың басынан кешкені соғыстың не екенін көз алдыңа елестетіп, еш боямасыз көрсетеді.
Ол әскерге Омбы өңіріндегі Байдалы ауылынан 1942 жылы шақырылады. Алдымен оны бірнеше ай бойы үрлемелі резина камераларынан құрастырылатын понтон көпір жұмысшысына дайындайды. Сосын оқ-дәрі шығаратын әскери зауытқа жібереді. Бір күні күтпеген жерден ауылына қайтарады. Бірақ 1943 жылы оны қайтадан майданға шақырады. Бұл жолы ол мінген пойыз Курск иіні маңындағы Елецк қалашығына қарай бет алады. Олар офицерлер мен жауынгерлерді қоса есептегенде барлығы 800 адам еді. Кешке жақын эшелонды неміс авиациясы бомбалап, қызыл әскерлердің жан-жаққа бытырай қашуына тура келеді. Аман қалғандары қас қарая бір жерге жиналады да Елецк қалашығын жаяу-жалпы бетке алады. Осылайша жауынгерлер аштық пен суыққа мойымай, 20 күндей батысқа қарай жылжумен болады. Небәрі үш күнге ғана шақталған паек баяғыда таусылған-тын. Азық-түлік алатын жер жоқ. Жол бойы кезіккен деревнялардың барлығы өртеніп кеткен. Солай болса да ашыққан жауынгерлер әлгі жерлердің төңірегінен тамақ іздейді. «Өлмегенге өлі балық», дегендей кейде ондағы жертөлелерден тамаққа талғажу етерлік бірдеңелер табылып қалатын. Алайда көп ұзамай мұндай елді мекендер де кезікпейтін болды. Аштық басталды. Сол кезде амалсыздан мысық етін жегендер де кездесіп қалып жүрді. Адамдар арып-ашқанда, ең бірінші жау - жау емес, кәдімгі бит болады екен. Үстеріне киім атаулыдан тек гимнастерка ғана ілген солдаттар азып, арықтаған сайын, бит-сірке көбейіп, үлкейе берді.
Алдыңғы шепке жеткен күні оларға үш күн демалыс беріліп, жиі-жиі тамақтандырылды. Жаңа киімдер үлестіріліп, моншаға түсірілді. Осыдан кейін Тоқжігіт Сейсенбаевты екінші Беларусь майданындағы маршал К.К.Рокоссовскийдің қарамағындағы 65-ші армияның 115-ші атқыштар батальонына жөнелтті. «Бұл маусым айы болатын. Біз шабуыл басталған кезде неміс траншеяларына басып кіріп, фашистерді тұқыртып тастадық. Жау топ-тобымен беріліп жатты. Осы шайқаста оң иығымнан жараландым. Бөлімше командирі мені медсанбатқа жіберді. Онда үш ай жаттым», - дейді майдангер өз естелігінде.
Кейін ол қайтадан қатарға қосылып, көптеген шайқастарға қатысады. Гомельге дейін жетіп, Днепрден өту шайқасына қатысатын әскерлер сапының қатарында болады. Қазанның қара суығында мұз енді ғана қата бастаған еді. Шайқас басталғанда қабыршық мұздар адамдарды көтере алмады. Сондықтан жауынгерлер өздеріне тиесілі гранаттар мен автоматтарын төбелеріне қойып, суық суды жалдап өтуге мәжбүр болды. Қарсы бетке жеткеннен кейін жағалаудағы жыраларға тас бекініп алды. Таңға жуық неміс танкілері Қызыл Армия бөлімдеріне қарай беттеді. Қолда артық оқ-дәрі жоқ. Содан бұлар жау 100 метр жерге жақындағанда ғана атуға мәжбүр болды. Нәтижесінде 60-қа жуық фашисті жайратып, 5-6 танкінің күлін көкке ұшырады. Осы шайқаста Тоқжігіт Сейсенбаев сол аяғының тізеден төмен жерінен жараланады. Екі аптаға жуық медсанбатта болып, кейін жараның орны жазылғанша штабты күзетеді. «Бізде Батанов есімді ноғай капитан болды. Ол аға дәрігер еді. Бірде менен: «Қазақсың ба?» деп сұрады. Мен: «Иә», деп жауап бердім. Осыдан кейін ол маған іш тарта қарап, госпитальға санитар етіп қойды. 1945 жылы Польша мен Германияның солтүстік жағына жеттік. Гданьск және Данциг қалаларын қоршауға алдық. Висланың оң жағында тұрған едік. Сол жағымызда үлкен зауыт бар-тын. Бір күні сол жерден оқ атыла бастады. Қасымда отырған жауынгер мерт болды, ал мен тірі қалдым. Көп ұзамай соғыс аяқталды. 1945 жылы екінші кезекпен үйге қайттым», - деп аяқтайды өзінің естелігін ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері Тоқжігіт Сейсенбаев.
Жинақтағы қазақтарға қатысты осындай мақала, естелік, анықтама хабарлар онша көп те емес, аз да емес. Бірақ әйтеуір бар. Бұл жерде оларды тірнектеп отырып жинайтын табандылық қана керек. Іздеген нәрсеміздің сонда ғана молайып, мазмұны артатыны анық. Осындай ұстаныммен өзімізді өзіміз қамшылап жұмыс істеп отырғанымызда, қасымызға жасы жетпістің мол ішіне кірген ақсақал келіп тіл қатты.
- Үш күн болды. Оқу залында орныңнан тапжылмай отырасың да қоясың. Алдыңдағы кілең соғыс тақырыбына қатысты кітаптар. Не іздеп отырсың қарағым?
Біз жөнімізді айттық. Ақсақал мән-жайды ұққаннан кейін өзін таныстырып, жоғарыдағы тақырыпқа байланысты көрген-білгенін ортаға сала бастады.
- Есімім Амангелді, - деді қария. - Әкем Балта 1941 жылы соғысқа аттанғанда алты айлық іштегі бала екенмін. Мен дүниеге келгенде үлкендер: «Көкесі майданнан есен-сау келсін», - деп атымды Амангелді қойыпты. Бірақ қайран әке батыстағы қан қасаптан қайтпады. Жетім өсіп жүріп, жетілген жайымыз бар.
- Сонда өзіңіз Омбының қай жерінен боласыз?
- Азов ауданынан.
- Ондағы соғысқа кеткен қазақтар туралы естіп-білгеніңіз бар ма?
- Бар. Себебі, мен жас кезімнен сондағы қазақ ауылдарының бас көтерер жігіттерінің бірі болдым. Есейе келе ақсақалдардың өтінішімен кешегі қан майданда хабарсыз кеткен әкеағаларымыздың аты-жөнін анықтаумен шұғылдандым. Ол Жеңістің 20, 30, 40 жылдық мерекелерінің кезі еді. Мұрағаттағы құжаттардан сондағы білгенім, 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысына Азов ауданынан 990 қазақ аттанған. Солардың ішінен елге тек 388 қандасымыз ғана қайтып келген. Қалған 602 боздақтың сүйегі майдан даласында қалған.
- Ол кездері өзіңіз айтып отырған ауданда біздің қандастарымыз соншалықты көп болған ба еді?
- Иә, соғысқа дейін Азов ауданындағы 3 округ: №4 Киров, №5 Қызылжар, №7 Буденный селолық кеңестері таза қазақ елді мекендері болатын. 1941 жылғы күзде ғой, Еділ бойынан көшірілген немістерді мұнда әкеліп қаптатып жібергені.
Амангелді Тоқсанбаев ақсақалмен әңгімелесіп отырып, ол кісіге алдымыздағы өзіміз оқып, танысып отырған «Ауыл Байтұяқ (Байдалы): прошлое и настоящее» деген кітапты көрсеттік. Осы еңбектің 62-ші бетінде кілең қазақтар тұратын шағын елді мекеннен Ұлы Отан соғысына 126 қандасымыз аттанған екен. Солардан туған ауылына тек 44 адам ғана тірі келген. Қалған 84-і оққа ұшқан немесе хабарсыз кеткен.
Кітапханадағы тапсырыс берген еңбектер мен анықтамалықтарды қарап болғаннан кейін «Омская правда» газетінің 1941-1945 жылдардағы тігіндісін ақтаруға кірістік. Ол уақыттағы Ұлы Отан соғысына қатысты дүниелер майдандағы жаңалықтар мен тылдағы жұмыстарға байланысты беріліп тұрған екен. Солардан біз өзіміз іздеген тақырыбымызға қажет-ау деген оншақты материал тауып, ксероға түсіріп алдық. Енді соның бір-екеуін оқырмандар назарына ұсынайық.
Газеттің соғыс жылдарындағы нөмірлерінде «Омбылықтар - майданда» атты айдар орын теуіпті. Бірінші бетке берілетін онда фотосурет пен шағын мәтін орналастырылатын болған. Міне, 1943 жылғы 11 шілдедегі жарық көрген сондай топтаманың бірінде екі қызыл әскер суреті тұр. Оның астындағы сөйлемдерде: «Жауынгер достар. Екеуі де Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Олар (солдан оңға қарай) - қазақ, гвардия қызыл әскері С.Төлебаев, коммунист, Омбы облысының Саргат ауданындағы «Красный казах» колхозының бұрынғы колхозшысы (10 немістің көзін жойған) және гвардия сержанты Д.Солдатенко, украин, коммунист, Омбы облысының Полтава ауданындағы «Украина» ауылшаруашылық артелінің бұрынғы колхозшысы (13 немістің көзін жойған). Суретті түсірген П.Мелентьев», - деп жазылған. Фотоны қарап тұрсақ, сол кезде бұл жауынгерлер 19-20-дағы жас жігіттер сияқты. «Соғыстан аман қайтты ма екен? Елдеріне келсе, қазір бар ма?» - дейсің іштей.
Енді газеттің тылдағы тіршілік туралы берген топтамаларының арасынан өзіміздің қандастарымыздың еңбегін бағалап, өңір жұртшылығына үлгі еткен «Шарбақкөл ауданының колхоздарындағы патриоттық ұмтылыс» атты мақалаға тоқталайық. 1943 жылдың 8 қаңтарында жарық көрген бұл материал: «Аудан еңбекшілері «Омбы колхозшысы» танк колоннасына қаражат жинауға зор ынтамен кірісуде, - деп басталады. - Мәселен мемлекеттік банктің бөлімшесіне 7 қаңтарда 1 миллион 200 мың сом ақша түсті. Қаржы жинау жалғасуда. Бұл бастамаға колхоз басшылары ерекше үлгілілік танытуда. Қаратал селолық кеңесі (төрағасы Исин жолдас) 300 мыңнан астам сом жинады. Осы танк колоннасын жасауға 9 колхоз төрағасы 107 мың сом қосты. Айталық, «Екпінді» колхозының төрағасы Сүлейменов жолдас 15 мың сом, «Серп и молот» колхозының төрағасы Мырзаболатов жолдас 16 мың сом, «Нацмен, вперед!» колхозының төрағасы Смайылов жолдас 12 мың сом берді.
Бірінші май селолық кеңесі (төрағасы Урузмаев жолдас) танк колоннасына 400 мың сом жинаған. «Қызыл жол» ауыл шаруашылығы артелінде ұлы майданға кеткен 80 жастағы колхозшы Сатанов жолдас танк құрылысына 3.000 сомды ақшалай тапсырды. Ал майданға қос бірдей ұлын аттандырған Бекзанов жолдас 5.000 сом, Калинин атындағы колхоздың малшысы Сәрсенов жолдас 10.000 сом қосты. Самар селолық кеңесінің колхоз төрағалары 100 мың сом жинады. «Жаңа тұрмыс» және «Кіші Боранкөл» колхоздарының төрағалары Әутәліпов пен Раисов жолдастар 16,5 мың сом, «Үлкен Боранкөл» колхозының төрағасы Ұлтақов жолдас 15 мың сом берді».
Осы мақаланың өр жағында «Көбегенов жолдас танк құрылысына 206.000 сом қосты» деген тақырыппен телеграфтық стильдегі жүгіртпе жол тұр. Онда: «Одесса селосы, 7 қаңтар. (Телефонмен). Л.М.Каганович атындағы колхоздың төрағасы Қожахмет Көбегенов өзінің жеке жинаған қаржысынан «Омбы колхозшысы» танк колоннасы құрылысына 206.000 сом және 50 пұт ұн қосты», - деп жазылған.
Жоғарыдағы хабарлардың ішінен көптеген қазақ фамилияларын көріп отырған шығарсыздар құрметті, оқырмандар. «Бұл адамдар кімдер, қай жерде жұмыс істеген, кейінгі тағдырлары қалай болған?» - деген оймен олардың өмірбаяндарын табуға да әрекет жасадық. Осындай талпыныстың нәтижесінде «Омский краеведческий справочник» жинағынан Қожахмет Көбегенов пен Иманмәлік Сүлейменовті таптық. Қожахмет атамыз 1890 жылдардың аяғында өмірге келген екен. 1930 жылдары артель шаруашылығы құрылғанда соған мүшелікке өтіп, кейін төраға болып, 1943 жылғы жоғарыдағы бастамасынан кейін Сталиннен алғыс хат алады. Онда Бас қолбасшы: «Жолдас Көбегенов, мен сізге қызыл әскерге деген қамқорлығыңыз үшін алғысымды жолдаймын», - депті. Ол кісі соғыс аяқталғаннан кейін елінің сыйлы ақсақалына айналып, 1963 жылы қайтыс болыпты. Ал Иманмәлік ағамыз болса, 1902 жылы Бараба ауылында өмірге келген екен. 1932 жылы Шарбақкөл ауданындағы құрылған алғашқы артелдік шаруашылықтың тұңғыш төрағасы К.Жұмабаевтың орнына келіп, 1940 жылға дейін түрлі бастамалардың ізашары атанады. 1943 жылғы «Омский колхозник» танк колоннасына қосқан үлесі облыс көлемінде жоғары бағаланады. 1946 жылдан Қаратал селолық кеңесінің төрағасы болып жүріп, 1955 жылы өмірден озады.
...Айта берсек, өзіміз тапқан жоғарыдағыдай деректер көп. Біз солардың ішінен бір-бір мысалды ғана жұртшылыққа жеткізіп отырмыз. Мақсат - Омбы өңіріндегі қандастарымыздың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігінің қазақ баспасөзінде осы уақытқа дейін көп сөз болмаған, жазылмаған тұстарын қысқаша айтып өту. Осы арқылы зерттеушілерге ой салу, оларды тың тақырыптан хабардар ету.
Суреттерде: «Омская правда» газетінің 1943 жылғы 11 шілдедегі нөмірінде жарияланған мерген қазақ С.Төлебаевтың суреті; соғыстан 5 жауынгерлік орденмен оралған А.Әлқайдаров; «Омская правда» газетінің соғыс жылдарындағы нөмірлерінде тылдағы қазақ еңбекшілерінің бастамалары туралы жарияланған хабарлар.
P.S. Автор осы мақалалар циклына қажетті деректер мен мәліметтерді табуға көмектесіп, мұрағаттардағы іздеу жұмыстарын жүргізуге қол ұшын берген Омбы облыстық үкіметіндегі Ішкі саясат бас басқармасының басшысы М.М.Каракоз бен осы басқарманың бас маманы Н.Қ.Әлжановқа, Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы консулы Е.А.Қонаевқа, «Мөлдір қазақ мәдени Сібір орталығы» өңірлік қоғамдық ұйымының директоры А.Жүнісова мен «Қазақ салтдәстүрлерін жаңғыртудағы «Шоқан жолы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының төрағасы Е.Жұмабаевқа өзінің алғысын білдіреді, деп жазылған egemen.kz сайтында жарық көрген Жанболат Аупбаевтың екі бөлімді мақаласында.