Ресейдегі Қазақстан елшісі дипломаттарға ҚР Президенті Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндірді

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Кеше, 1 ақпанда Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков Ресей Федерациясындағы Кипр Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Петрос Кесторасты,

Ресей Федерациясындағы Швейцарияның Төтенше және Өкілетті елшісі Вальтер Гигер мен Ресей Федерациясындағы Малайзияның Төтенше және Өкілетті елшісі Дато Зайнола Абидин Омарды қабылдады.

Бұл туралы Елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.

З.Тұрысбеков қонақтарды Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашақты бірге құрайық!» Жолдауымен таныстырып, ондағы әлеуметтік жаңарту мен тұрғындардың әл-ауқатын нығайтуға бағытталған шараларға тоқтала кетті. Ол сонымен қатар дипломаттарға елдің индустриялық-инновациялық дамуының бесжылдық бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен, Астана қаласында маусымда өткізілетін ШЫҰ Саммитіне дайындығы мен Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығының барысы туралы хабардар етті.

Өз кезегінде., Кипр елшісі қазақстандықтарды ЕҚЫҰ Саммитін табысты өткізуімен құттықтап, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынын жоғары бағалады.

Швейцария елшісімен әңгіме барысында Орталық Азия аймағының көкейкесті проблемалары мен Кеден одағы мен Ресей, Қазақстан мен Беларустің Бірыңғай экономикалық кеңістігі аясындағы Астананың интеграциялық бастамалары талқыға салынды.

Малайзия елшісімен кездесу барысында З.Тұрысбеков Қазақстандағы қолайлы инвестициялық климат туралы ақпараттандырып, бизнесті, туризмді, нанотехнологияларды, инновациялар мен кадрлар дайындауды дамыту саласында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін де әңгіме өзегіне айналдырды.