Ресейдегі сайлау учаскесінде алғашқы екі сағаттың ішінде сайлаушылардың ширек бөлігі дауыс берді

КЕУ. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Сайлау учаскесінің төрағасы Михаил Литвиновтың айтуынша, Ресейдегі №143-ші сайлау учаскесінде 1700 сайлаушы тіркелген.

«Бірақ та, іссапармен келгендердің есебінен, бұз тізім кеңейіп отыр. Ресей Федерациясындағы сайлау учаскесінде бүгін 1800-ден астам дауыс береді деп күтілуде», - дейді М.Литвинов.

Оның айтуынша, сайлаушылардың негізін - 900-ге жуық адамды Ресейде білім алып жатқан студенттер мен курсанттар құрап отыр. Оған қоса, дауыс беруге дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, отандық компаниялар мен мекемелердің өкілдері, тағлымдамадан өтуге және біліктілігін көтеруге келген офицерлер бар.

«Бүгін жергілікті уақыт сағат 9.00-дағы жағдай бойынша 350-ден астам, яғни сайлаушылардың ширек бөлігі дауыс беріп болды», - деді М.Литвинов.

Сайлау учаскесі төрағасының айтуынша, биыл Ресейде дауыс беру үшін бір ғана учаске ашылған, бірақ Санкт-Петерборда қазақстандық азаматтардың көптігі ескеріліп, ол қалада тасымалданушы жәшік ұйымдастырылған. Алдын ала деректер бойынша, Петерборда 400-дей адам дауыс береді.