Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиевтің сөзіне қарағанда, қаржы полициясы органдары Ж. Досқалиевті қыркүйектің 25-інде қылмыс жасады деген күдікпен ұстап, осы күні Астанадағы уақытша ұстау изоляторына орналастырған.
«Бұл ретте қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормалары толық сақталды және Ж. Досқалиевтің, сондай-ақ оның адвокатының министрдің денсаулығына байланысты шағымдары болған жоқ.Сондай-ақ, уақытша изолятор бастығының сөзіне қарағанда, Ж. Досқалиев өзі жүріп-тұрған, денсаулығына шағымданбаған. Тек қыркүйектің 26-сы күні Ж. Досқалиев басы ауратындығын айтқаннан кейін ғана арнайы шақырылған изолятордың фельдшері және жедел медициналық жәрдем бригадасы оның қан қысымының жоғары екенін тіркеп, Ж. Досқалиевті ауруханаға жатқызған. Осылайша оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеді деген дәлел расталған жоқ. Қаржы полициясы қызметкерлерінің әрекеттерінен заң бұзушылық табылған жоқ», - деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, Ж. Досқалиевтің денсаулық жағдайын толық әрі объективті зерттеу мақсатында Бас прокуратураның ұсынысы бойынша Ресейдің денсаулық сақтау органдарынан шақырылған профессорлары бар тәуелсіз медициналық комиссия тексеру жүргізді. Олар Ж. Досқалиевтің жүрек, қан тамыры қызметінің бұзылғанын растайтын объективті айғақ жоқ деген қорытынды берді. «Осылайша, аталған комиссияның қорытындысы бойынша Ж. Досқалиевтің денсаулық жағдайы бірқалыпты, өзіне қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бере алады. Сөйлеген сөзінде де ақау байқалмайды», - деді Ж. Өмірәлиев.