Ресейден импортталатын бензин елдегі бағаны көтермей ме
Энергетика министрлігі елдегі АИ-92 маркалы бензиннің тапшылығын болдырмау үшін Ресейден 110 мың тонна өнім жеткізу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Вице-министр Ерлан Ақкенженов бұл бензин келсе, ішкі нарықтағы бағаға әсері қандай болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«АИ-92 маркалы бензиннің бағасын өзгертуді жоспарлап отырған жоқпыз. АИ-95-тің де бағасын өзгерту жоспарда жоқ. Бензин бағасы туралы жалпы айтсақ, АИ-92-нің бағасын мемлекет реттейді. Қазір шекті баға 1 литрге 205 теңгеге дейін.
Ал АИ-95 маркалы бензин бағасын мемлекет реттемейді. Оны нарық өзі реттейді. Сондықтан ойыншылар оның бағасын өз беттерімен қоюға хақылы. Бірақ бір өлшем бар. Бұл – тауардың өзіндік құны. Яғни, баға белгілеу ережесі бойынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны қараған кезде өзіндік құн бойынша бағалайды. Қазақстанда өндірілген бензиннің өзіндік құны бізге анық. Оны бізде «ҚазМұнайгаз» және «Petrosun» компаниялары мен оның еншілес кәсіпорындары, өзге де тәуелсіз мұнай өңдеушілер шығарады», - деді ол.
Вице-министр Ресейден әкелінетін бензиннің бағасы қандай болатынын айтуға әлі ерте деп отыр.
«Ресей бензині туралы айтқанда оның жеткізу құны мен өзіндік құнын есептеуіміз керек. Бұл жерде келісімшарт бекітілген күнге қарап, оған бізде салынатын алым-салықтарды қосу керек.
Қазіргі таңда Ресей биржасында бензин бағасы күн сайын өзгеріп тұр. Қазір төмендей бастады. Өзіндік құнын айтсақ, 390-400 теңге төңірегінде болуы мүмкін. Бірақ бұл шамалап алғандағы көрсеткіш қана. Нақты қатып қалған өлшем емес. Әйтсе де, бізге келетін Ресей бензині өзіндік құнынан төмен болмайды. Өйткені олардың өздерінің сату бағасы бар. Оған біздің алым-салықтар мен тасымал шығындарын қосу керек.
Дегенмен қолдағы бар қорды есептеп, Қазақстан күзді жанармай тапшылығынсыз өткізеді деп үміттенеміз», - деген Ерлан Ақкенженов бұған дейінгі тәжірибені мысалға алды.
Айтуынша, Ресей бензині Қазақстан бензинінен қымбат болғанына қарамастан, түгел сатылып кеткен көрінеді.
«Газпром» компаниясы Алматыға әкелген АИ-95 маркалы бензиннің бағасы литріне 298 теңге болды, мен қателеспесем. Ол кезде Қазақстан бензинінің бағасы 250 теңге болған. Соған қарамастан, Ресей бензині толығымен сатылып кетті. Өйткені олардың бензиніне жанармай жолдарын тазартатын қоспа қосылған. Бұл көлікті жақсы жүргізетін көрінеді.
Қайталап айтам, Қазақстан бензинінің бағасын көтермейміз. Министрлік қазіргі баға осы күйінде қалу үшін бүкіл шараны қабылдады», - деді министрдің орынбасары.
Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, АИ-95 маркалы Ресей бензині Қазақстан бензинінен 20 пайыз қымбат болуы мүмкін.
«Ресей бензинінің бағасына акциз құны мен тасымал шығыны қосылады. Яғни, жобалап айтқанда 20 пайыз қымбат болатын шығар», - деді ол.