Ресейден Қазақстанға 3-4 жолбарыс жеткізіледі

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейден Қазақстанға 3-4 жолбарыс жеткізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев айтты.

- 2024 жылы Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын тарихи мекенінде қалпына келтіру бойынша екі үлкен жоба жүзеге асырыла бастады. Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін резерваттың аумағына 205 бас тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құланды қоныс аудару жұмыстары жүргізілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді. Өткен жылы күзде Іле-Балқаш резерватына арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді. Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты алып келу күтілуде, - деді комитет төрағасы.

Оның атап өтуінше, Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. 

«Бұрын бұл жылқылар еліміздің 9 облысын мекен еткен. Пржевальский жылқысы әлемдік жабайы табиғаттан 1960-жылдардың соңына қарай жойылып кеткен болатын. Министрліктің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының арқасында Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерватына Прага хайуанаттар бағынан 7 бас Пржевальский жылқысы әкелінді. Жалпы, 2029 жылға дейін 40 бас жылқы әкелу жоспарланып отыр, - деді ол.

Айта кетейік, елімізде Тұран жолбарыстарының алғашқы жөншігі пайда болуы мүмкін.