Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы психотроптық заттарды заңсыз өндірумен және өткізумен айналысқан қылмыстық топты ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
Тергеумен күдіктінің Алматы қаласы мен Қазақстанның басқа да аумақтарында мефедрон өндірумен және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық еткені анықталды.
2021 жылдан бастап ол ақшалай қаражатқа мұқтаж адамдарды қылмыстық әрекетке тартып отырған. Қатысушылар психотроптық заттарды өндіру, тасымалдау, өлшеп-орау және тарату бойынша әртүрлі міндеттерді атқарған, ал олардың әрекеттері Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестірілген.
2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауы бойынша Алматы қаласында бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Олардың бірінде психотроптық заттарды өндіру барысында екі қатысушы ауыр химиялық улануға ұшырап, қайтыс болған.
Осыған қарамастан, жаңа орындаушыларды тарта отырып, қылмыстық әрекет жалғастырылған.
2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция қызметкерлері зертханалардың бірінің қызметін тоқтатты. Тінту барысында 24 кг-нан астам химиялық заттар, жабдықтар, қорғанышқұралдары мен дайын өнім табылды.
2025 жылғы шілдеде күдікті Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Елге экстрадицияланды.
Бүгінгі күні ол тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кетелік шетелден көлік әкелемін деп 106 млн теңгені иемденген күдікті Ресейден экстрадицияланды.