Ресейден келген тасқын судың 80 млн текше метрі БҚО облысының Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейден келген тасқын судың 80 млн текше метрі соңғы 20 жыл бойы су бармаған Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация Министрлігі мәлімдеді. 

Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация Министрлігі

Тасқын суды көлдердің жүйесіне жіберу жұмысын жергілікті «Қазсушар» филиалының мамандары жүргізіп жатыр. Қамыс-Самар көлдері киіктер мен басқа да жануарлардың көшу жолындағы табиғи суат көзі болып табылады. 

Батыс Қазақстан облысындағы судың негізгі көзі — Жайық өзені. Жайық арқылы келген тасқын суы су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» мекемесіне тиесілі Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінде жиналады.

«Сонымен қатар, «Қазсушар» мамандары соңғы жылдары кеуіп қалған Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл, Салтанат және басқа да су айдындарына су жібере бастады. Сондай — ақ, Балқаш көліне, Каспий теңізіне су жіберу жұмысы жалғасып жатыр», — деді су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.