ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қалалық ПБ Ертіс полиция бөлімінің тәртіп сақшылары Ресейден көлік алуға көмектесетінін айтып, тұрғындарды алдаған әйелді қолға түсірді.
28 жастағы өскемендік 3 ұқсас қылмыс жасағаны үшін күдікке ілінген.
«Әйел адам Ресей Федерациясынан автокөлік жеткізіп беремін деп алдап, Глубокое ауданының тұрғындарынан шамамен 2 600 000 теңге ақша алған. Алайда арада біраз уақыт өткенде тұрғындарға көлік те жеткізілмеді, ақшасы да қайтарылмады. Сол кезде алданып қалғанын түсінген олар полицияға хабарласқан», - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта алаяқ тергеу изоляторына қамауға алынған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.