Ресейден жалға берілген жерлерді қайтару халық көптен күткен әлеуметтік маңызы зор мәселе - С. Еңсегенов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейден полигон үшін жалға берілген жерлердің қайтарылуы - жергілікті жұртшылық көптен күткен әлеуметтік маңызы зор мәселе. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов осылай мәлім етті.

Сенатордың айтуынша, Ресейге полигон үшін пайдалануға берілген жерлерді қайтару - мемлекеттік тұрғыдан да, аймақтық тұрғыдан алғанда да өзекті. Мәселен, Ресей ұрыс алаңдары мен ұшу-сынақ орталығы үшін пайдаланып отырған полигондар Атырау облысының Ақжар және Қызылқоға аудандары мен Индер және Тайсойған елді мекендерін қамтиды.

«Полигонға жалға берілген жерлерді қайтару мәселесі - жергілікті жұртшылық көптен күткен аса өзекті мәселе болатын. Соның ішінде Қызылқоға ауданының үштен бірін немесе 749 мың 582 гектар жер полигонға берілген болатын. Тайсойған ауылы да осы полигон шеңберінде қалған еді. Ауылда 130-дан астам үй 1 мыңнан астам адам тұрады. Бірақ жерлері полигондық аймақ болғандықтан тұрғындар осы кезге дейін, яғни 25 жыл бойы тұрып жатқан үйлері мен жер учаскелерін заңдастыра алмады. Тіпті дүниеге келген нәрестелеріне куәлік алуда да қиындық туғызып келген еді», деді сенатор С. Еңсегенов.

Оның сөзіне қарағанда, полигонға берілген Тайсойған ауылы аумағының 90 пайызы жайылымдық болса, 60 пайызы шабындық, әрі жерасты суларына да бай. Әйтсе де, Ресейге жалға берілгендіктен ауыл адамдары шаруа қожалықтарын құра алмай келді.

«Мамандардың есебі бойынша полигон жерлері қайтарылғаннан кейін елуден астам шаруа қожалықтарын құру арқылы кемінде отыз мың қой, он мың бас ірі қара, он мың бас жылқы өсіруге мүмкіндік береді. Бұл жерлер пайдалы қазбаларға да бай. Мұнай мен газ кен орындары да бар болғанымен, кәсіпорындар толық көлемде жұмыс істей алмай келген еді. Ендеше, полигон қайтарылған кезде бұл жерлерде бірнеше жүздеген адамды жұмыспен қамтитын өндіріс орындарын ашуға болады», деді сенатор.

Еске сала кетейік, бүгін Парламент Сенаты Қазақстан мен Ресей арасындағы 929 Мемлекеттік ұшу-сынақ орталығының объектілері мен жауынгерлік алаңдарын жалдау туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы қабылданған болатын. Хаттама бойынша Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағындағы жалпы алаңы 500 мың гектардан астам полигон учаскелері жалдаудан шығарылады. Жалға берілуден шығарылатын учаскелерде пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жобалар іске асырылады. Мәселен, Атырау облысындағы «Тайсойған» учаскесінде, Уаз және Қондыбай кен орындарында көмірсутекті өңдеу, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының «Жамантау» учаскесінде қиыршық тасты өндіру жобалары жүзеге асырылады.