Ресейдің Астрахан облысында Бөкей ханның кесенесі тұрғызылып жатыр

None
МӘСКЕУ. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Ресейдің Астрахан облысының Краснояр ауданындағы Кіші Арал ауылында Бөкей ханның кесенесі салынып жатыр. Кесене құрылысы 2011 жылдың сәуір айында аяқталады.

Қазақстан Елшігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Астрахан облысының билік органдары мен Қазақстан елшілігінің кесене құрылысы бойынша бірлескен іс-шараларының жоспарына Астраханда өткен кездесудің барысында Елші Зауытбек Тұрысбеков пен Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин қол қойды.

Тараптар кесененің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Олар сондай-ақ, мемориалдық кешеннің Ресей мен Қазақстанның арасындағы достықты нығайту ісіне үлес қосатындығына сенім білдірді.

Бірлескен жоспарға сәйкес, кесене алғашқы мінәжат етушілерді келесі жылдың сәуір айында - император І Павелдің Бөкей Ордасын Астрахан даласына қоныс аудару туралы жарлығының 210 жылдығының қарсаңында қабылдай алады. Жоба қазақстандық кәсіпкерлердің қаражатына қаржыландырылады.

Ішкі Қазақ Ордасы немесе Бөкей Ордасы - ХІХ ғасырдың басынан бастап ортасына дейін Ресей империясының құрамында болған және Еділ мен Жайық аралығында тұрған қазақ руларының мемлекеттік құрылымы. 1801 жылы император І Павелдің рұқсатымен және Бөкей ханның басшылымен Еділ маңы даласына 30 мыңдай адам көшіп барған.